Неміс қоғамдық-ғылыми зерттеу орталығы мен деректерді сараптау агенттігінің жасаған ең жаңа сауалнама нәтижесі, германиялықтардың гректерге жанашырлық көрсетпейтінін дәлелдеді. Олар Грекия ЕО-ға болған борышын қалайда өтеу керек деп отыр. Сауалнамаға қатысқан германиялықтардың жартысынан көбі Грекияны ЕО-дан шығарып тастағысы келеді.

Респонденттердің 52 пайызы Грекияны Еуропалық Одақтан шығарып тастау керек деген пікірге келіскен. Осымен қатар 53 пайыз респондент Грекияны ЕО алдындағы борышын өтеуге міндетті деп тапқан. Сондай-ақ, Шинхуа (синхуа) агенттігінің Экономика сайты Германия “Blid” басылымы жариялаған тағы бір сауалнамаға сілтеме жасай отырып хабарлайды,   бұнда да қатысушылардың көбі егерде, грек еліне борышын кешірім ету жолға қойылса, онда өзге ЕО-ға мүше елдерге әділетсіздік жасаумен бірдей деп қараған.

Германия қаржы министрі Шойбле осыдан бұрын: «Еуроаймаққа мүше елдер, борыштылығынан жеңілдік ала алмайды, себебі, барлық ЕО мүшелерінің мүддесі тоғысып жатыр. Олар өз борыштарына жауапты болуы керек. Грекия борышынан кешірім алғысы келсе, онда Еуро Одақтан шығуына тура келеді», – деген болатын. Халықаралық Валюта Қорының (ХВҚ) президенті Лагард өткен аптада Германия канцлері Ангела Меркельмен Берлинде өткен кездесуінен кейін, Грекияның қарыздарын қайта құрылымдау қажеттілігін, ол елдегі зейнетақы мен салық жүйесіне жасалатын реформаны жеделдету керектігін айтты.

Ұлыбританияның ЕО-дан бас тартуы, Германия мен Францияға ауыр жүк салды. Еуроаймақтағы экономикасы бір деңгейде емес көптеген елдердің салмағы ендігі жерде Франция мен Германияға артылады. Еуропалық Одақ күннен-күнге экономикасы қуатты елдерге салмақ түсіруде. Есесіне салыстырмалы кедей елдер масыл болудан аса алмай отыр. Жыл соңына дейін бұл қалыпты өзгертетін жаңа бір жобалар жолға қойылмаса, келесі жылдан тартып ЕО-дан бас тарту кезегі Германия мен Францияға келеді. Әсіресе, француздардың арасында одақтан бас тартқысы келетіндер немістерге қарағанда көбірек. Францияда болып жатқан саяси өзгерістер сол елді одақтан алып шығар болса, бір немістің күшімен Еуроаймақты тұтастырып тұру мүмкін болмайды.

“The Qazaq Times”