АҚШ президенті Дональд Трамп былтыр 8 мамырда ядролық қаруға ие алты ел мен Иран арасында жасасқан ядролық келісімнен бас тартты. Сонымен бірге, Иранға бағытталған экономикалық санкцияны қалпына келтірді. Бұл шешімдерде АҚШ пен Еуропа арасында болмашы қайшылықтарды қалыптастырған еді.

Осы аптада аталған келісімге қол қойған еуропалық елдер келісімді соңына дейін сақтайтынын білдірді. Бұндай мәлімдемені ЕО-ның Атом қуаты халықаралық агенттігі жасады. Бұған дейін де Ресей, Қытай, Франция, Германия және Британия АҚШ-тың Иран ядролық келісіміне байланысты шешімін қолдамаған болатын.

Аталған еуропалық агенттік Иран ядролық келісімін сақтап қалуға күш салатынын да мәлімдеген. Дегенмен, агенттіктегі АҚШ-тың арнайы өкілі Иранның аймақтағы белсенділігіне назар аударуға шақырған. Ол сөзінде: «Уашингтонның алаңдаушылығын шешу үшін Иранмен екіжақты келісім жасалуы керек. Әрі, бұл жаңа келісім тараптардың барлық талабын қанағаттандыра алатын болады», – деген.

Трамп әкімшілігі соңғы кездерде Иранмен жаңа келісім түзуге тырысып жатқаны байқалады. Ал, Иран болса АҚШ-ты 2015 жылғы келісімде қалдыру үшін Еуропа елдерін алға қойғысы келеді. Бұл қайшылық қазір күн өткен сайын асқынып келеді. Иранның саяси институтына тән «қасарысу ұстанымы» жалғаса берсе, бұл өңір тұрақтылығына ең үлкен қатер. Олай дейтіні, Иран Орта Шығыстағы баламалы күштер арасында таразының бір басын бастып тұр. Иранда тұрақсыздықтың орнауы жаңа әрі ауқымды соғыстардың, мұнай, тасымал және мәдениет пен діндер арасындағы соғыстарға ұласуы да ғажап емес.

Еуропа елдерінің Иран ядролық мәселесінде АҚШ-ты тікелей қолдай бермейтіні Парсы шығанағынан шығатын мұнайдың Еуропаның күре тамырына қан жүгіртіп тұрғанында. Иран лауазымдылары соңғы кезде Ресей және Қытай сынды мүдделес тараптарға жиі сапарлап, болуы мүмкін дағдарыстан шығуға талпынуда.

Қазақстан Иранмен Каспий арқылы шекараласып жатыр. Географиялық жақтан да, геосаяси тұрғыдан да Иран мәселесінің бізге өзіндік шалығы да болмай қалмайды. Соның өзі Иран тақырыбын, державалар арасындағы ойындарды жіті бақылап отыруға міндеттейді.

“The Qazaq Times”