Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Кәрімовтың үлкен қызы Гүлнара Кәрімова жазасын өтеу шарттарын бұзғаны үшін жалпы режимдегі колонияға ауыстырылды, деп хабарлады Өзбекстан Бас прокуратурасы.
Ведомствоның мәліметінше, мұндай шешім өткен жылы шілдеде бопсалаушылық пен салықтан жалтару ісі бойынша бас бостандығын шектеуге ауыстырылған Кәрімованың жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын қасақана бұзуына байланысты қабылданған. Прокуратура хабарламасында айтылғандай, сотталушы «сот белгілеген міндеттемелерді жүйелі түрде бұзған», атап айтқанда, 2018 жылдың қарашасында тұрғылықты жерінен кетіп, ескертуге іліккен. Хабарламада: «Жазаны алдын алудың орнына, Г.Кәрімова жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын қасақана бұзуды жалғастырды. Оның қатарында: интернет арқылы байланыс құралдарын бірнеше рет пайдаланды; қылмыстық іс бойынша белгіленген залалды өтеген жоқ», – делінген.
Сейсенбіде Гүлнара Кәрімованың қызы Иман оның анасын Бас прокуратура қызметкерлері колониядан босатылғаннан кейін Ташкенттегі пәтерінен алып кеткенін хабарлады. Ол өзінің Instagram парақшасында: «Сағат 19:00 шамасында өзбек прокуратурасының қызметкерлері Ташкенттегі пәтеріме баса-көктеп кіріп келді. Мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шыққан анам осы пәтерде 2018 жылдың маусым айының соңынан бері тұрады. Бірнеше минуттан соң прокуратураның өзге қызметкерлерімен бірге жетіп келіп, анамды белгісіз жаққа алып кетті», – деп жазды. Ал ақпанда Кәрімованың ұлы Ислам Instagram желісінде тергеушілер жазасын өтеп жатқан анасына қысым көрсетіп, уақытылы медициналық көмек көрсетпегенін жазған болатын.
Кәрімова 2013 жылға дейін көпшілік алдында жүрді, елдің саяси өміріне араласты. Сонымен қатар, ол Өзбекстанды 27 жыл басқарып, 2016 жылы қыркүйекте қайтыс болған әкесі Ислам Кәрімовтің орнын басуы ықтимал тұлға ретінде танылған.
Гүлнара Кәрімованың үстінен қылмыстық іс 2015 жылы қозғалды. Дәл осы жылы Ташкент қалалық соты оны «аса ірі көлемде қаржы жымқыру», «бопсалау», «салықтан жалтару» айыптары бойынша кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырған. 2017 жылы шілдеде Өзбекстан Бас прокуратурасы Гүлнара Кәрмованың үстінен тағы бірнеше қылмыс бойынша іс қозғалғандығын мәлімдеді. Өзбекстан ресми органдарының мәлімдемесінен кейін онған тиесілі әлемнің 12 еліндегі банк шоттары мен жылжымайтын мүліктері бұғатталған. Кәрімоваға қарсы екі қылмыстық іс бойынша мемлекетке келтірілген залалдың жалпы сомасы 2 млрд доллар.