АҚШ пен Ресей орта және қысқа қашықтықтағы зымыранды шектеу туралы келісімдерден арт-артынан бас тартып жатқан тұста, Германия қорғаныс тараулары Қытайдың заманауи зымырандары Ресейге қауіп төндіреді деген пікірін жариялады. Германия қорғаныс министрі Ресейді Қытайдан төнетін зымыран қаупінен сақтану үшін, орта және қысқа қашықтықтағы зымыранды шектеудің жаңа келісімін жасауға шақырған.

Германия қорғаныс министрі Урсула фон дер Ляйен мәлімдемесінде: «Қытайдың географиялық орынын ескерсек олардың зымырандары Ресей жеріне ұшып жете алады. Бұны Ресейде біліп отыр. Батыс елдері Ресейдің зымырандарынан қауіптенсе, Ресей Қытай зымырандарынан қауіптенеді», – деді.

Сарапшылардың айтуынша, жаңа келісім жасауға Қытаймен қоса Ресей мен АҚШ та мүдделі. Қытай немесе өзге мемлекеттерді қамтыған жаңа келісім жасалуы мүмкін екенін АҚШ президенті де айтқан болатын. Бірақ, бұл келісім туралы әлі нақты қадамдар жасап жатқан ел көрінбейді.

Батыс елдері Қытай зымырандарынан не үшін алаңдайды?

Ең әуелі, Қытайдың қарулы күштерін өте тез қарқынмен дамытып жатқанын айтқан жөн. Соңғы ондаған жылда Қытай зымыран өндіру саласында да алдынғы қатарлардан көріне бастады. Оның кейбір зымырандары бұрынғы Кеңес одағының зымырандарын дамыту негізінде жасалған.

Бұл туралы BBC сарапшыларының айтуынша,  Қытайдың орта-қысқа қашықтықтағы зымырандары Азия-Тынық мұхит аймағының кез-келген жеріне жете алады. Зымыран қорғаныс жүйелері де оған толық қарсы тұра алмайды. Тіпті, Қытайдың орта қашықтықтағы зымырандары АҚШ пен оның одақтастарының маңызды әскери базасы саналатын Гуам аралдарына да ұшып жете алады. Ал, Globalsecurity атты америкалық әскери-аналитикалық сайтының мәлімдеуінше, Қытай орта қашықтықтағы зымырандарын Тайуанға (Тайвань) бағыттаған.

Егер жаңа келісім жасалса...

Егер жаңа келісім түзіліп жатса, бұған Қытайды ғана қосу жеткіліксіз. Себебі, Қытайдан басқа бірқатар елдердің зымыран қуаты жоғары деңгейде дамыған. Айталық, Тайуанның да зымырандары Қытай территориясының кез-келген нүктесіне жете алады. Бұдан тыс Үндістан, Пәкістан, Солтүстік Корея, Иран және Израиль мемлекеттері бар.

Үндістан Қытай мен Пәкістаннан қорғану үшін Ресеймен бірлесіп жаңа зымыран жүйелерін жасап шығарды. Ал, Пәкістан болса зымыран бағдарламаларын дамыту үшін Қытайдан қолдау алып отыр. Сондай-ақ, Пәкістан, Иран және Солтүстік Корея арасында зымыран бағдарламаларын дамыту туралы бірлескен құпия жобалары бар делінеді.

Иран болса Орта-Таяу Шығыстағы ең қуатты зымыран арсеналына ие. Қазір Иран зымырандары Израиль мен Сауд Арабиясын қорқытып отыр.

Израильдің «Иерихон-3» зымыраны өңірдегі ең қауіпті зымыран. Кейбір мәліметтерге қарағанда, «Иерихон-3» 4800 шақырымға дейін ұшып барып, көздеген нысанасына дәл тиеді.

Міне осыларды алға тартатын болсақ, орта және жақын қашықтыққа ұшатын зымырандарды шектеу келісімі Қытаймен ғана шектеліп қалмауы тиіс.

“The Qazaq Times”