Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әкімдердің жұмысына қанағаттанбайтындығын айтып, оларды халыққа жақын болуға шақырды. Сол секілді популизмнен алыс болуы керек екендігін ескертті.
"Бізде аймақтардың дамуының айырмашылығы көрініп тұр. Неліктен бір облыстарда жолдың сапасы басқа облыстардан жақсы? Неліктен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бір жерлерде тұрақты жұмыс істейді, ал кейбірі тұрақсыз? Осыған орай кейбір әкімдер шынымен жұмыс істеп, халықтың мәселелерін шешеді, басқалары олармен сөйлесуден қашып, адамдардың талап-тілектеріне құлақ аспайды. Әкімдерге халыққа жақын болу керек және олардың хал-ахуалын жақсартуы тиіс", - деді Назарбаев "Нұр Отан" партиясының XVIII съезінде.
Сондай-ақ, жыл сайын халық алдында бір рет есеп беретін әкімдердің ісін, көзге көріну үшін істеліп жатқан дүние секілді екендігін айтты. Бұдан бөлек, аймақтағы тұрғындармен кездесіп, әрбір тұрғынның мұң-мұқтаждығын тыңдау үшін бір жыл күтудің қажеті жоқ екендігін де мәлімдеген. Сол секілді халыққа жасалған әртүрлі жобаларға қаржының бөлініп жатқандығын айтып, бірақ, көпшілік мұның нәтижесін көрмей жүргендігін қозғады.
"Бізде үкімет мүшелері ауысты. Олардың 70 пайызы жаңарды. Облыстар жайлы жаңа үкімет мүшелеріне сұрақтар туындап жатыр. Әкімдерге айтылған тапсырмаларды іске асыру керек. Айтылған мәселелерді барлығымыз бір ауыздан шешуіміз қажет. Бұл оңай жұмыс емес. Бірақ бұл тапсырмалар облыс, қала, ауыл аймақтарға арналған. Күшімізді біріктіріп тапсырманы орындауға кіріссек, бізде қиындықтар болмайды. Әкімдер осыдан басқа қандай істермен айналысуы керек?", - деген Нұрсұлтан Назарбаев әрбір облыстың дамуы тиіс екендігін айтты.
Алайда, қарапайым тұрғындар жаңа келген үкіметтен де қатты бір жаңалық күтпейтіндігін алға тартуда. Себебі, бұған дейін де бірнеше рет өзгерген билік өкілдері өздерінің мардымды жұмысымен ерекшелене қоймаған.
Сонымен қатар, әкімдердің есігі халық үшін айқара ашық болатындығына да күмән тудырып отыр. Өйткені, халықтың заңды талаптары көп жағдайларда тыңдалмай келеді. Енді Елбасының сөзі билік өкілдеріне қаншалықты әсер ететіндігі болашақтың еншісінде. Бірақ, қарапайым тұрғындар олардың тыңғылықты істер атқаратындығына сенуден қалған...