Үндістан қарулы күштері 26 ақпанда Пәкістанның Кашмир аумағына әуе соққысын жасады.
Ресми мәліметке қарағанда, Үндістан қарулы күштеріне тиесілі 12 ұшақ "Жаиш-е-Мұхаммад" (JeM, "Мұхаммед армиясы"), "Хизбул Муджахиддин" (Hizbul Mujahideen) және LeT содырларының лагеріне салмағы бір тонна болатын бомба тастаған. «ANI» үнді агенттігінің хабарлауынша, Балакот, Чакоти және Музаффарабад террористік лагерлерді бомбалау салдарынан толық жойылған. "Мұхаммед армиясы" бақылау бекеті де толық жойылған.
"Бұл елді қорғау үшін маңызды қадам болды. Премьер-министр Нарендра Моди қарулы күштерге еркін әрекет етуге рұқсат берді", – деп мәлімдеді адам ресурстарын дамыту министрі Пракаш Джавадекар.
Үндістанның сыртқы істер министрі Виджай Гокхале «содырлар Үндістан аумағына шабуыл жасамақ болды» деп мәлімдеді. Ол әуе соққысының салдарынан террористік топтардың сарбаздарымен бірге басшылары да қаза тапты деді.
Пәкістан үкіметі Үндістан әскери ұшақтарының Музафарабадқа (Кашмир) шабуыл жасағанын растады. Бірақ содырлар лагерінің жойылғаны, не жойылмағаны жөнінде әзірге ешқандай ақпарат бермеді.
Кашмир аймағы 1947 жылдан бері Үндістан мен Пәкістан арасындағы дауға себеп болып келеді. Британдық Үндістан тәуелсіздік алғаннан кейін бұл аймақ діни сенімге байланысты екіге бөлінген. Қазір Кашмирде мемлекеттік шекара жоқ.