«Financial Times» Гарвард университетінің профессоры Джозеф Найдың сауда соғысы және АҚШ пен Қытайдың экономикалық әлеуетіне қатысты мақаласын жариялады. Әлемдік аренада беделге ие қос мемлекеттің алдағы бағыты қандай? Сауда соғысының жеңімпазы анықталды ма? Ендігі кезекте осы сауалдарға жауап іздеген саясаткердің сараптамасын назарларыңызға ұсынамыз.
Джозеф Найдың айтуынша, Уашингтондағы республикалықтар мен демократтарда Қытай қуатының артуы «американдық дәуірдің» аяқталуын білдіреді деген қауіп бар. Алайда, АҚШ президенті Дональд Трамп бастаған сауда соғысы аса маңызды мәселені жасырып қалды.
Біріншіден, Қытай экономикасы әлем ойлағандай мықты емес екендігін есте сақтау керек. Экономистер 2014 жылы Қытай қаржылық даму жағынан американдықтарды басып озды деген қорытынды шығарған. Бірақ бұл санақ халықтың сатып алу қабілетіндегі тепе-теңдік туралы сөз болып отыр. Яғни статистикадағы сандар экономиканың нақты қуатын көрсетпейді. Көптеген сарапшылар болашақта Қытай экономикасы АҚШ-ты басып озады деп санайды. Дегенмен, екі ел арасындағы сауда соғысынан кейін ҚХР қаржылық дағдарысқа ұшырады: қарашада сату мөлшері 8,1%-ға өскен. Ал бұл 2003 жылдан бергі ең төменгі өсім көрсеткіш.
Екіншіден, мемлекеттің экономикалық деңгейі – геосаяси қуаттың жалғыз көрсеткіші емес. Қытай АҚШ-тан халықаралық аренадағы әскери күштен де, әлеуметтік жағдайдан да артта қалып отыр. Егер Қытайдың халықаралық деңгейде адам құқықтарын бұзғандағын ескерсек, оның беделі тіптен әлсірейді.
Автордың айтуынша, «Қытай АҚШ-қа Ресеймен қатар қауіп төндіруде. Бірақ, Американы басып озатан ел жоқ. Себебі, АҚШ қорғаныс жағдайына Қытайға қарағанда үш есе көп қаржы жұмсайды». Бұған дәлел жетерлік. Мәселен, алдағы уақытта Ресейді елеулі демографиялық проблемалар күтіп тұр және ол энергия тасымалдаушылардың экспортына тікелей тәуелді. Бразилия мен Үндістан бұрынғыдай дамушы елдер қатарында қалды. Азия елдері де солай. Ресей мен Қытай халықаралық аренада бір-бірімен ынтымақтасуға тырысса да, 1950-ші жылдардан бері авторитарлық мемлекеттердің алып альянсы статусынан арылған жоқ. Екі елдің бүгінгі әлеуеті авторитарлық мемлекет деңгейінен аса алмайтынын және осы жағдайды қалпына келтірудің екіталай екендігін білдіреді. Тіпті, Азияның өзінде Қытайдың күш-қуаты Үндістан, Жапония және Австралиямен теңеседі. Ал АҚШ күштері осы үш мемлекет балансында да жоғары көрсеткішке ие.
Қытай АҚШ-тың жаңа қауіпсіздік стратегиясына «манипуляция және жала жабу» деген баға берді. Қытай билігінің қазіргі «мінез-құлқына» қарағанда, олар ҚХР-дің гүлденуі үшін әлемдік тәртіпті бұзғысы да келмейді. Бірақ, саясатта алауыздық туғыза отырып, Бейжің тарапы өз ықпалын әлемдік деңгейде нығайтқысы келеді. АҚШ-тың көшбасшылығы қанша жерден сынға қалса да, көптеген халықаралық проблемаларды шешуде Еуропа және Азия елдерімен ынтымақтастық байланысты сақтайды.
Джозеф Най өз материалында: «Егер АҚШ өз одақтастарымен тығыз ынтымақтастықты жалғастыратын болса, Қытай әлемдегі ықпалды ел деңгейінен айырылады», – деген қорытындыға келген.