АҚШ президенті Дональд Трамп Қытаймен сауда келісіміне берген уақытты ұзартуға болатыны туралы қайталай мәлімдеді. Ол сауда келісімі үшін өзгермейтін «қасиетті күннің» жоқ екенін, 1 наурызға дейін сауда келісіміне келе алмаса, шекті мерзімді ұзартуы мүмкін екенін айтқан.
АҚШ президенті бұған дейін Қытайға нақты талап қойып, 1 наурызға дейін сауда келісіміне келе алмаса, АҚШ базарына кіретін 200 млрд АҚШ доллары көлеміндегі Қытай тауарларына тарифті 10 пайыздан 25 пайызға дейін көтеретінін айтып келген. Кейін ол Қытай келісімге келуге жақындай түссе, бұл мерзімді кейінге ұзартуы мүмкін екенін жеткізген.
«Менің ойымша келіссөздер өте жақсы жүріп жатыр. Мен қазір сіздерге нақты қай күн екенін айтып бере алмаймын. Бірақ, бұл күн қасиетті күн емес, себебі, тым көп істер орын алуда. Біз әлі де күте тұруымыз керек», – деді Трамп. Оның айтуынша бұл сауда келісімі өте күрделі.
Сейсенбі күні АҚШ пен Қытайдың сауда өкілдері Уашингтонда кезекті келіссөз үстеліне отырды. Ал, бейсенбі күні АҚШ сауда өкілі мен қаржы министрі Қытайдың вице-премьерімен жоғары деңгейдегі кездесу өткізеді.
Ақ үйдің таратқан мәліметінде, кезекті келіссөздің басты мақсаты – Қытайдың қажетті құрылымдық өзгерістерін қолға келтіру. Яғни, Қытайды экономикалық саясаттағы құрылымдық реформалар жасауға көндіру. Bloomberg News-тің бұл туралы хабарында, Құрама Штат Қытайдан юанға девальвация жасамау туралы уәде беруін талап еткен. Себебі, қытай ақшасының құнсыздануына байланысты әлемдік нарықта Қытай тауарлары өтімді бола түседі.
АҚШ әлі де негізгі үш талабында бекем тұр. Олар – Қытайдың әділетсіз сауда саясатын тоқтату; зияткерлік меншік құқығын қорғау талабы; бірлескен америкалық компаниялардан технологияларды өткеріп беру талабын тойтару. Қытай тарабы да өз кезегінде АҚШ-ты экономикалық дамуды қиындататын сауда саясатын қолданды деп айыптайды.
Басым көп сарапшылар 1 наурызға дейін АҚШ-Қытай арасындағы сауда келісімі жүзеге асатынына сенбейді. Қазірге дейін келіссөздердің бірнеше раунды өтіп кетті, әлде неше рет жоғары деңгейдегі келіссөздер де болып өтті. Трамп соңғы мәлімдемелерінде «келіссөздер жақсы дамып келеді» деп бағалауда. Бірақ, Аргентинада келіскен шекті мерзімге дейін әлемнің бірінші және екінші экономикасы бір пәтуаға келе алмайтыны анық болды.