Өткен аптада болған террорлық шабуылдан кейін Үндістан мен Пәкістан арасында қайшылық қайта ушықты. Әсіресе, Кашмир аймағында тұрақсыздық орын алып, бейбіт тұрғындардың тыныштығы бұзылды. Дүйсенбі күні Үндістан әскерлері жарылысқа қатысты адамдарды іздестіру әрекеті шабуылшылармен қақтығысқа ұласты. Қақтығыста 4 әскери қызметкер мен бір қарулы содыр, бір бейбіт тұрғын қаза тапты.
Үндістан тарабы террорлық шабуылға Пәкістан билігінің қатысы бар деп қарайды. Әрі, Исламабадтың бұл оқиғаға қатысы бар екенін айғақтайтын дәлелдің бар екенін айтады. Бірақ, Пәкістан бұл айыптауды жоққа шығарып, дәлелдерін көрсетуді талап етті.
«Жаиш-и-Мұхаммед»
Жаңа Дели билігі аталған террорлық шабуылды ұйымдастырған «Жаиш-и-Мұхаммед» радикалдық ұйымның лидері Пәкістан жерінде жасырынбай-ақ тұрып жатқанын алға тартты. Пәкістан жақ аталған ұйымның әрекетіне тыйым салғанын, алайда бұл қарулы топ басқа атпен әрекет етіп жатқан болуы мүмкін деген уәжін айтты.
«Жаиш-и-Мұхаммед» ұйымы БҰҰ, АҚШ, Үндістан және Британия тарабынан террорлық ұйым деп танылған. Пәкістан бұл ұйымды террорлық ұйым деп жарияламаған, алайда ел ішіндегі әрекеттеріне шектеу қойған. Кейбір сарапшылар бұның себебін аталған топтың Каширде Талибаннан бөлек Үндістанға қарсы әрекет ететін ұйым болғандығында деп түсіндіреді.
Кашмирдегі жағдай соңғы жылдары барған сайын ушыға түсуде
Үндістан тарабы шекараны бақылауына алу үшін изрильдік технологияларды сатып алған. Шекара бекеттердегі бақылауды күшейтсе де, қақтығысты тоқтата алмай келеді. Кашмирде тағы бір күрделі мәселе – шекараның екі жағындағы жастар түгелдей «радикалдасқан». BBC-дің өңірдегі қызметі жасаған сараптамада, бұдан бірнеше жыл бұрындар шекарадағы наразылық шаралары бейбіт түрде өтетін болса, қазір шекарадағы жастар бірден қаруға қол салатыны айтылған.
Үністан-Пәкістан арасында Кашмир тақырыбында келіссөздер тоқтап қалғанынан екі жылдан асты. Дегенмен, белгілі дәрежеде әскери байланыстар бар. 2009 жылғы Мумбайдағы террорлық шабуылдан кейін бұрынғы келісімдер мен келіссөздер процесі үзілді. Ал, 2016 жылы Кашмирдегі Үндістан әскерлеріне жасалған шабуылдан кейін Жаңа Дели тарабы да өз қарулы күштеріне Пәкістан қарамағындағы аймақтарда әрекет етуге рұқсат берді.
Бұған дейін Үндістан премьері Нарендра Модиді өзінің әскери басшыларының қолын байлап, әскери шешім жасауға жібермей келді деп сыналған. Бұл жолы Моди дипломатиялық көздерді пайдалана отырып, Пәкістанды халықаралық ұйым жағынан оқшаулап тастауға уәде берген. Модидің бұл шешімін бірқатар сарапшылар биыл жазда өтетін сайлауға да байланыстырады.
Дипломатиялық қысым жасаудың нәтижелі болатынына сену қиын. Ядролық қаруға ие екі ел, шағын қақтығыстарды есепке алмағанда екі рет ірі әскери қақтығысқа да барған. Пәкістан қандай да бір қауіп төнген жағдайда ядролық қаруын пайдалануға да дайын екенін талай мәрте айтқан. Дегенмен, сарапшылар ядролық қарудың болуы бір есептен қауіпті болғанымен, енді бір жағынан екі елді соғысқа жібермей тұрған басты себеп деп қарайды.
Үндістан билігі Пәкістанға «Негізгі одақтас» мәртебесінен шығару шарасын қолданбақ. Бұның Пәкістан үшін экономикалық соққы болып тиетіні белгілі. Ал, Пәкістанның одақтасы саналатын Қытай бұл экономикалық қиыншылықта қаншалықты қолдау көрсетері белгісіз. Бұған дейін Үндістан мен Пәкістан арасындағы жанжалда Қытай бейтарап позиция ұстанып келген. Бірақ, Үндістанмен де шекаралық қайшылықтары әлі шешім таппай келеді. Пәкістан мен Үндістан арасындағы қайшылық Шынхай ынтымақтастық ұйымының рөлі мен маңызын сынға салатын іс болмақ.