Радикализация жөніндегі халықаралық орталықтың (ICSR) таратқан мәліметіне қарағанда, 2013 жылдың сәуір айынан, 2018 жылдың маусымына дейін Сүрия мен Ирак жеріндегі экстремистік топтарға әлемнің 80-нен астам елінен 41 мың 490 адам барып қосылған. Бұл тек ресми мәліметтерге сүйене отырып жүргізген санақ нәтижесі. Демек, шын мәнісінде жиһадшылардың саны бұдан көп болуы да мүмкін.
Аталған орталықтың мәліметтерін тереңдей тарата кетер болсақ, «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымына қосылған жиһадшылардың үштен бірі ер адамдар, 13 пайызын әйелдер, 12 пайызын балалар құрайды. Бұл санақтан тыс осы бес жыл ішінде Ирак пен Сүрия жерінде 730 бала жиһадшылар ортасында дүние есігін ашқан.
Жиһадшылардың басым көбі, яғни 18 мың 852 адам Орта-Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадан жиналған. Батыс Еуропа жерінен 5906 адам барып қосылған.
Осыдан бір жыл бұрын Сүрия мен Иракта жеңіліс тапқан террорлық топ мүшелерінің елдеріне қайта бастағанын, олардың өңірлер мен елдерде экстремизмді, терроризмді тарату қаупінің бар екенін айтқан едік. Орталық Азиядан жиһадтық соғыстарға кеткендердің қайта оралу көрсеткіші біршама төмен. Оның бір себебі, Сүрия жеріндегі террорлық топтың соңғы қалдықтары арасында орта азиялық содырлардан құралған топ әлі де өз белсенділігін жоғалтпаған. Бұған қоса Орта Азия елдерінен кеткен жиһадшылар саны өзге өңірлерге салыстырғанда біршама аз. Дей тұрғанмен, айтылған ықтимал қауіпті ескеруге тура келеді.
ICSR жасаған мәліметте Батыс Еуропа елдерінде 1765 адам қайта қайтқан. Олардың басым көбі Британияға барған. Еуропа елдері болса бұл адамдардың үстінен қылмыстық іс қозғап, жауапқа тартпақ. Тіпті олардың радикалды ойрын өзгерту мақсатында арнайы бағдарлама да түзіліп қойған. Бұл бағдарламалардың қаншалықты нәтижелі болатыны беймәлім. Қалай болмасын қоғамнан ауашалау, азаматтығын күшінен қалдыру секілді шаралар жасалуда. Ал, ЕО елдерінің баса көңіл бөліп отырғаны 2012 жылдан кейінгі аралықта Сүрия мен Ирак жерінде туылған балалардың тағдыры болып отыр.
Бұл турасында Орта Азия елдерінде қандай бағдарламалар түзгені туралы қоғам анық біле бермейді. Қайтып келген азаматтарды не күтіп тұрғаны да жалпы жұртшылыққа анық болғаны орынды. Орта Азия елдері мен Ресей және таяу аумақтағы елдермен информация алмасу, ортақ бағдарламалар түзу қолға алынғаны тіптен маңызды. Себебі, тілдік, территориялық, мәдениет жағындағы ортақтық пен жақындық жиһадшылардың мекен ауыстырып кетуіне мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда еуропалық тәжірибелерге де жол беруге де тура келеді. Қалай болған күнде де, өңірдің қауіпсізді мен тұрақтылығы үшін радикализмнің таралуының алдын алу аса маңызды.