АҚШ президенті Дональд Трамп Еуропа елдері Сүриядағы өз содырларын қайтару керектігін айтты.
Трамп өзінің Twitter парақшасында: «Әр мемлекет өз азаматтарын еліне қайтарып, тиісті жазасын беруі тиіс. Себебі, содырлар бостандыққа жіберілсе, басқа аймақтарда терактілер ұйымдастырып, халықаралық қауіпсіздікке нұқсан келтіреді», – деді. Мәліметтер бойынша, Сүрия мен Иракка Ұлыбритания, Франция, Германия, Швеция, Бельгиядан алты мыңнан астам адам келген. Сондай-ақ Трамп АҚШ әскерін Сүрия жерінен шығарғанын атап өтті.
Өткен жылы АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли АҚШ қарулы күштері Сүрия жерінен тек 3 түрлі шарт орындалғанда ғана шегініп шығатынын мәлімдеген болатын. Никки Хели сөзінде: «Сүриядан 3 шарт орыналмай тұрып шегінбейміз. Ең әуелі химиялық қару қолдануға жол бере алмаймыз; ДАИШ толығымен жойылуы керек; Сүрия жерінде Иранның бақылауында аймақтың болмайтынына көз жеткізуіміз керек», – деген. Ал 2018 жылдың 24 желтоқсан күні Трамп Сүрия аумағынан АҚШ әскерін шығаруға байланысты құжатқа қол қойған. Оның бұл шешімін Франция сияқты одақтастары «қателікке» балап, өз қарсылықтарын білдірген. Бұнымен қатар Ақ үй әкімшілігінің бұл шешімін алғашқылардың бірі болып Түркия қолдаған. Сарапшылар пікірінше, ресми Анкараның Уашингтонды қолдауының геосаяси астары бар. Себебі АҚШ әскері Сүрия аумағынан шығарылса, Түркияға Сүрия күрдтеріне қарсы күрес жүргізуге ешкім кедергі келтіре алмайды.
Сүрия президенті Башар Асадтың режимі мен террорлық ұйымдар және әртүрлі әскери топтар арасындағы қарулы қақтығыс 2011 жылы басталған. Осы уақыт аралығында 100 мыңнан астам адам көз жұмып, 5 миллионға жуық сүриялық елден кетуге мәжбүр болған. АҚШ бастаған халықаралық коалицияның «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымына қарсы операциясы 2014 жылдың тамыз айында Ирак аумағында басталған. Кейіннен дәл осы жылдың қыркүйек айында Сүрия аумағына ойысқан.