Қазақстан демографияда цифрға ғана жүгінсе, Венгрия бұл мәселеде әрқашан сергек ойлайды. Оған Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан елдегі туу көрсеткішін көтеру аясында көпбалалы отбасыларға салықтар мен қарыз жеңілдіктерін жария ету сәтіндегі мына бір сөзі дәлел болса керек.
Әуелі Еуропаның туу көрсеткішінің құлдырау мәселесін шешуде көші-қонға көп жүгінетін атап өткен Виктор Орбан: «Ал венгрлер басқаша ойлайды. Бізге цифрдің қажеті жоқ. Бізге венгр балалар қажет», – деп мәлімдеді.
Осылайша, Венгрия туу туралы көрсеткішін көтеру мақсатында екі баладан көп отбасыларға кеңейтілген кредит бағдарламаларын ұсынуды жоспарлаған. Дәлірек айтсақ, бұл кредитке жанұялар баспана ала алады, сонмен бірге, оларға автокөлік сатып алуға субсидия да берілетіні де мәлім.
Ол – ол ма, ұлттық негізде дамуды мақсат тұтқан бұл елде кемінде төрт бала асырап отырған әйелдерді табыс салығынан босату жоспарлануда.
Қазақстандық Аналар үшін Венгрия премьері айтқан келесі пікір тіпті сүйкімді естілмесе, қанеки:
40-қа дейінгі әйелдер бірінші рет тұрмысқа шығып жатса 36 мың доллар көлемінде субсидияланған кредит беріледі. Ал сол әйел екінші бала босанса, оның үштен бірі, яғни 12 мың доллары кешіріледі екен. Ал үшінші бала босана салысымен кредит толығымен жабылады.
Қысқасы, ел үкіметі 2019 жыл бюджетінің жалпы резервтерінен немесе қосымша табыстарынан жаңа әлеуметтік бағдарламаға қаражат бөлуді жоспарлап отыр.
Енді Қазақстандағы жағдайды ойлап көріңіз. Айдың-күннің аманында әлеуметтік жағдайдың ауыртпашылығы – төрт кредит бес баланың тағдырын отқа орады емес пе? Осындай қайғылы оқиғадан соң да көп балалы ана тақырыбын қақпақылға салып, жеңілдік берудің әдіс-тәсілін әлі шешіп жетпеген үкіметке не айтуға болады? Мүмкін, біздің билік те түбі түркі топырағынан барған тегі тіндес венгрлерден үлгі алуы керек пе еді, кім біліпті?!