Испанияда орталық биліктің Каталония аймағы үкіметімен келіссөз жүргізуіне қарсы наразылық шеруі өтті.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, шеруді консервативтік «Ұлттық партия», әсіре оңшыл «Вокс», орталықшыл «Азаматтар» партиясы ұйымдастырған. Мадридте өткен наразылық шеруіне жалпы саны 45 мыңға жуық адам қатысты. Орталықшыл «Азаматтар» партиясының (Ciudadanos) мүшелері елдің премьер-министрі Педро Санчестің сепаратистермен келіссөздер жүргізу үшін делдал тағайындау жоспары Отанға опасыздық жасаумен тең дейді. Сепаратистер Санчестің биліктен кетуін және мерзімнен тыс жалпыұлттық сайлау өткізуді талап етті.
Наразылық білдірушілердің бірі Мейбл Кампузано: «Біз, жалпы испандықтар, Санчесті Үкімет басшысы болуға лайық деп есептемейміз!», – дейді. Ал «Халық» партиясының көшбасшысы Пабло Касадо Санчес саясатын Социалистік капиталдандыру және жалған мәміле деп айыптады.

2017 жылы қазанда Каталония билігі ресми Мадридтің келісімінсіз тәуелсіздік алуға байланысты референдум өткізген болатын. Осыдан кейін Испания билігі Каталонияға полиция мен ұлттық гвардия сарбаздарын кіргізген. Кейіннен ресми Мадрид пен Каталония билігінің бұл істерін Еуропарламент қатаң сынға алып, екі жақты келісімге келуге шақырды. Жалпы алғанда Каталониядағы референдум жергілікті халықты екіге бөлді. Автономия болып қалуды жөн көретіндер мен Испаниядан іргесін аулақ салуды қалайтындар арасындағы даудың негізгі тақырыбы – Каталонияның экономикалық мүмкіндіктерді пайдалана алмайтындығы. Қоғам белсенділері сепаратистік қозғалыстың жеңіске жетуі үшін бірнеше жолдар барын айтады. Солардың бірі – азаматтардың жаңа билікке мойынсұнбауы және азаматтық қоғамды іске асыру.

Осы шеруге қатысты жергілікті сайлау жиналысында сөз сөйлеген Педро Санчес оның социалистік партиясы әрқашан әділет жағында болғанын және шиеленіскен дағдарысты шешуге тырысатынын айтты. Енді сәрсенбіде үкімет 2019 жылға ұсынылған бюджет бойынша дауыс беруді жүргізуі тиіс: егер ол бекітілмесе, Испанияда мерзімінен бұрын сайлау өтеді.

 

"The Qazаq Times"