АҚШ президенті Дональд Трамп Конгресте елдегі жағдай туралы (State of the Union) жолдау жасады.
Жыл сайынғы жолдаумен салыстырғанда, бұл жолы республикашылдарға арналған тұрақты овацияларды қоса алғанда, бір жарым сағат ішінде экономикалық мәселе, ішкі саясат және көптеген сыртқы проблемалар – оның ішінде Ресеймен қарым-қатынас жағдайы айтылды. Трамп президенттік қызметіне кіріскен сәттен бастап бірінші рет Конгресс алдында жолдау жасады. «Мен баяндайтын мәселелер республикалық немесе демократиялық болып бөлінбейді. Бұл – жалпы Америка халқының жағдайы, біз үшін күн тәртібінде тұрған мәселелер», – деді Трамп.
Ресеймен зымыран келісімі туралы шарт
Өткен аптада АҚШ 1987 жылы қол қойылған зымыран келісімінен шығу туралы мәлімдеме жасады. Ресей жауап ретінде шартқа қатысуды тоқтата тұратынын айтқан. Мәлімдемеде Трамп АҚШ-тың шарттағы барлық ережелер мен қағидаларды ұстанғанын, ал Ресейдің бұл шартты өрескел бұзғанын баса айтты. «Бәлкім, біз бұл шартқа Қытай мен өзге де елдерді қосып, жаңа шарт жасау туралы келісімге келе алармыз. Бәлкім, жоқ. Мұндай жағдайда біз оларды шығын көлемі бойынша да, инновация бойынша да басып озамыз», – деді ол.
Бұған дейін Қытай Сыртқы істер министрлігі Уашингтонға барлық келіспеушіліктерді диалог арқылы шешіп, зымыран келісімен шықпау туралы ұсыныс білдірген.
АҚШ – КХДР екінші саммиті
Трамп АҚШ пен КХДР арасындағы екінші саммиттің өтетін күнін жариялады. Америкалық көшбасшы 27-28 ақпанда Вьетнамда Ким Чен Ынмен кездесетін болды.
Екі ел көшбасшыларының бірінші кездесуі 2018 жылдың маусым айында өтті. Саммиттің қорытындысы бойынша жасалған бірлескен мәлімдемеде КХДР Корей түбегінің денуклеаризациясына ұмтылуға дайын екендігін жариялады.
Сейсенбіде Конгресс алдында сөз сөйлеген Трамп: «Егер мені президент ретінде сайламаса, біз қазір Солтүстік Кореямен соғыс жағдайында болар едік деп есептеймін», – деп мәлімдеді. Президент қазір Ким Чен Ынмен арада ынтымақтастық байланыста екендігін айтты.
Тергеу мен зерттеу
«Соғыс пен тергеу жүріп жатқан жерде бейбітшілік пен заңнаманың болуы мүмкін емес», – деді Трамп өз сөзінде. Ол 2016 жылы американдық сайлауға Ресейдің араласуы туралы Роберт Мюллердің тергеуіне де тоқталып өтті.
Желтоқсанда АҚШ президентінің адвокаты Майкл Коэн қамауға алынған болатын. Тергеу нәтижесінде ол қаржылық махинация мен банктік жымқыру ісі бойынша кінәлі деп танылды.
Трамп бұл жолы мәлімдемесінде АҚШ-тың 37-ші президенті Ричард Никсонның даулы оқиғасын мысалға алып, «Уотергейттің бір жылы жеткілікті деп есептеймін» – деді.
Венесуэла
Конгреске мәлімдемесі барысында Трамп Венесуэла оппозициясына қолдау білдіретінін айтты. «Біз Венесуэла халқының еркіндікке деген ұмтылысын қолдаймыз және социалистік саясаты кесірінен Оңтүстік Америкадағы ең бай ұлтқа қайғы-қасірет әкелген Мадуро режимінің қатыгездігін айыптаймыз», – деді.
Бұл мәлімдемені американдық президент Венесуэлада жалғасып жатқан наразылыққа қатысты жасады. Мәселен, өткен сенбіде Каракас көшелеріне Николас Мадуроны да, оппозиционер Хуана Гуайдоны да қолдайтын оппоненттер ереуілге шықты. Көп ұзамай АҚШ, Канада және Еуропалық Одақ елдері Гуайдоны Венесуэланың легитимді басшысы деп таныды.
Мексика: Дуал дауы
Трамп сөзінің едәуір бөлігі заңсыз көші-қонға қатысты болды. Ол Мексикамен шекарада «Латын Америкасы елдерінің заңсыз көші-қон жолына тосқауыл болу үшін» дуал құрылысын бастауға ниетті екенін мәлімдеді. Өз сөзінде Трамп миллиондаған заңды мигранттар АҚШ-та американдық заңдарды құрметтеп және сақтай отырып, америкалық қоғамды байытады деп мәлімдеді. Ол заңды көшіп-қонушылар санының көбеюін жақтайтынын атап өтті: «Бірақ олар заңды жолмен келуі тиіс. Барлығы заң аясында жүзеге асады. Біздің азаматтарға деген шексіз махаббатпен мен сіздерден біздің оңтүстік шекарамызды қорғауды сұраймын», – деді Ақ үй басшысы.
25 қаңтарда Дональд Трамп 35 күнге созылған рекордты шатдаунды тоқтатты. 9-11 қаңтарда ABC және Washington Post тапсырысы бойынша жүргізілген сауалнамаға сәйкес, америкалықтардың 42%-ы қабырға құрылысын бастауға қолдау білдірген.
Трамп Мексикамен шекарада қабырға салу жобасына 5,7 млрд доллар бөлу туралы ұсыныс білдірген болатын. Бірақ, Конгрестегі демократтар қабырғаның құрылысын қаржыландырудан бас тартты. Осыған дейін қабырға жобасын кіші Джордж Буш жүзеге асыруға тырысқан. Нәтижесінде ұзындығы 650 миль (1000 километрге жуық) дуал қойылды.