Соңғы жылдары Оңтүстік Қытай теңізіндегі қайшылығы күшейіп, аталған теңіз арқылы шектесетін елдердің Қытайға наразылығы арта түсті. Оңтүстік Қытай теңізіндегі дау-дамайға Қытай мен Жапония таласындағы Дяу үй аралы да кіреді. Бейжің билігі Оңтүстік Қытай теңізіне шектесетін елдердің мүддесін ескерместен, аталған су айдының басым көп бөлегін өз территориясы ретінде жариялады және оны карталарда Қытай территориясы ретінде көрсетті. Бұл көршілес Жапония, Филиппин, Малайзия, Вьетнам қатарлы елдердің қарсылығына ұшырады. 2013 жылы Филиппин Оңтүстік Қытай теңізіндегі талас-тартысқа байланысты АҚШ пен Жапонияның қолдауына ие болып, Қытайға табанды қарсылық көрсетті.

Бұл суретте Оңтүстік Қытай теңізіне шектесетін елдердің өзіне тәуелді деп санайтын иелік аумағы көрсетілген.

Оңтүстік Қытай теңізінің маңыздылығы

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, Оңтүстік Қытай теңізінің маңыздылығы осы су жолынан өтетін теңіз тасымалында жатыр. Аталған теңіздің маңыздылығын мына бірнеше жақтан қарастыруға болады:

1 Оңтүстік Қытай теңізіндегі экономикалық мүдде

1978 жылдан 2008 жылға дейінгі 30 жылда Қытай экономикасы әлемді таңқалдыра отырып дамыды. 1970 жылдары завод-фабрикалардың көптігінен экологиясы ауыр зардап шеккен Батыс елдері Қытай сынды еңбек күші арзан, табиғи ресурстары мол елге көшіруге мәжбүр болды. Мыңдаған өндіріс фабрикалар Қытайға көшірілді, бұған ілесе Батыстың қаржысы да Қытайға ағылып, Қытайды АҚШ-тан кейінгі  екінші ірі экономикаға және «әлемнің заводына» айналдырды.

Бірақ, 30 жылдан кейін жағдай мүлде өзгерді. Батыс елдері Қытайдың жалғасты дамуын өздеріне қауіп ретінде таныды. Әрине, Қытай экономикасын әлсіретудің кілті –шетел қаржысы мен заводтарын шығару. Алайда, Қытай арқылы Батыс елдері де миллиардтап табыс тауып отырғаны шын. Қайткенде Қытайдан заводтарды шығаруға болады? Арзан еңбек күшке бай Қытайдан кеткенде бұған балама қандай елдер бар?

Қытайды қалт жібермей бақылауына ұстаған Батыс стратегтері бұның жауабын тауып, Қытайдың ең әлсіз буынын ұстай білді. Қытайдың қазіргі өндірісіне қажетті шикізаттың (мұнай, газ, кен өнімдері мен ағаш материалдары) 70 пайызы шетелден кіргізіледі. Ең негізгі шикізат қайнары Африка мен Орта Шығыс елдері. Осы аймақтардан алынған шикізат негізінен Оңтүстік Қытай теңізі арқылы Қытайдың өндіріс аймақтарына кіреді. Себебі, теңіз тасымалы әлемдегі ең арзан тасымал түріне жатады. Егер теңіз тасымалы әлсіресе, шикізаттың жеткізілуі кешіксе, бұл Қытайдың қарқынды өндірісіне бірден әсер ететінін анық. Шикізаттың тапшылығы оның бағасын өсіреді, шикізат құны өскен сайын өндіріс өнімдерінің бағасы да жоғарлайды. Бұл өндіріс құнының қымбаттауына әкеліп соғады, өндіріс құны қымбаттағаннан кейін шетелдік заводтар Қытайды тастап шығуға мәжбүр болмақ.

Міне осы мақсатта, АҚШ бастаған Батыс елдері Қытайдың ең маңызды шикізат тасымалының күре тамырына қысым түсіре бастады. Оңтүстік Қытай теңізін құрсаулау арқылы ондағы тауар мен шикізат жеткізетін Қытай кемелеріне кедергі келтірді. Осылайша, Қытайда өндірілетін өнімдердің жасалу құны мен бағасын қолдан қымбаттатып, Қытай экономикасының өсу қарқыны біртіндеп баяулай берді. Оның үстіне, Қытайдың ең негізгі өндіріс аймақтары теңіз жағалауына жақын көбіне-көп теңіз тасымалына иек артатындықтан бұл Қытай өндіріс қуатына ауыр соққы болып тиді. 2013 жылдан бастап шетелдік заводтар Қытайдан кете бастады және Қытай экономикасы да әлсірей түсті.

Төменде 2006-2018 жылдар арасындағы Қытай экономикасының өсу қарқыны көрсетілген

2006 – 12.7%
2007 – 14.2%
2008 – 9.6%
2009 – 9.2%
2010 – 10.6%
2011 – 9.5%
2012 – 8.2%
2013 – 7.7%
2014 – 7.3%
2015 – 6.9%
2016 – 6.7%
2017 – 6.9? %
2018 – 6.6% ?/ 1.67%

Африка байлығы.

Африканың Қытай үшін маңыздылығы

Африка құрлығы Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін Англия, Франция қатарлы еуропалық елдердің отары болып келді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Батыс елдері өз отарларынан бас тарта бастады. Керісінше, сол елдерде үкіметтер құрып берді және сол арқылы елдің экономикасын, байлығын шеңгелдеді. Үкіметтерді де бақылауында ұстап, қажет болғанда аударып тастап отырды. Африка құрлығының тұрғындары бүгінге дейін саяси және экономикалық отарда жасап жатыр деуге болады.

1990 жылдары Қытайға ағылған Батыс елдерінің завод-фабрикалары сол елдің өндірісі еселеп арттырды. 1992 жылы әлемнің 2,2 пайыз ғана өнімі Қытайда өндірілген болса, 2015 жылға жеткенде әлемдегі 33 пайыз өнімде «Made in China»  маркасы басылды. Осыншама мол өнімді өндіруге Қытайдың ішкі табиғи ресурстары жетпейтін еді. Сондықтан да Қытай мол кен байлығы бар Африка мен мұнай мен табиғи газ байлығы мол Орта Шығысқа сүйенуіне тура келді. Ендігі жерде өндіріс ошақтарына сүйенудің қажеті қалмаған Батыс елдері Қытайдың Африка құрлығында кен ашуына белгілі дәрежеде жол беріп отырды. Нәтижесінде, әлем кен байлығының 30 пайызын иелейтін Африка кендері Батыс елдерінен Қытайға көшті. Африкадағы мол әрі салыстырмалы арзан алмаз, алтын, уран, молибден, қорғасын, мырыш, фосфор, күміс, қалайы, мыс, темір сынды кен өнімдері мен мол ағаш материалдары Қытай өнеркәсібіне аса қажет болды.

Қытайдың Африкаға салған қаржысы.

Қытайдың Африкаға мол қаржы салғаны белгілі, айталық:  Африкада салған тасымал дәліздерінің жалпы ұзындығы 30 мың шақырымнан асты; Көптеген африкалық елдерде тегін мектеп, ауруханалар салды; Африкалық студенттерді тегін оқытты; Қытай жұмыс орындарында 900 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтыды; түрлі саладан 200 мыңнан астам мамандарды дайындады; Бейжің тарабы Африкаға 1500 реттен астам тегін медициналық көмек көрсетіп, жұқпалы дерттен 460 мың адамды жазған. Қытай тарабы Африканың жер-жерін темір жолдармен тұтастырып, сол арқылы шикізат тасымалын қамтамасыз етуде. Кейптауннан Суейш (Суэц) каналына дейін тұтас Африка құрлығын кесіп өтетін және оған жалғасатын жолдарды салып шықты.

Алайда, Қытай билігі Африкадағы үкіметтерді паралап, мейлінше көп мүмкіндіктерге ие болды. Керісінше, Африка елдерінің саяси және экономикалық мүдделеріне зиян салды. Қытайдағы ең сапасыз өнімдер, дәрі-дәрмектер, азық-түлік Африкаға сатылды. Қытай қаржы қосқан инфрақұрылымдық жобалардың бәріне құрылыс материалдарынан тартып Қытайдан жеткізілді. Қытай экспорты Африканы басты нысанаға алды. Қытайдың сапасыз тауарлары үшін Африка 1,2 миллиард тұтынушысы бар алып базарға айналды. 2017 жыла Қытаймен Африка құрлығының жалпы саудасы 169 миллиард 750 миллион АҚШ долларын құраған.

Төмендегі кестеде Қытаймен тығыз қарым-қатынастағы 20 африукалық елдің экспорт-импорты көрсетілген

Қазір Африканың 40 млрд АҚШ долларына тең 60 пайыз мұнайы Қытайға жөнелтіледі. Бұл Қытайға кіретін мұнай импортының 30 пайызын иелейді. Бір сөзбен айтқанда Қытай Африканың 88 пайыз ресурсын пайдаланып отыр. Бұл тосқауылға ұшыраса Қытайдың ең қарқынды саласы болған электрон өндірісі ауыр соққыға ұшырайды.

Орта Шығыс пен Солтүстік Африкадағы байлық.

Орта шығыс пен Қытай байланысы

Орта Шығыс – әлемдегі мұнай қорының 64 пайызын құрайтын ең ірі мұнай қамбасы.  Сондай-ақ, Орта Шығыс Қытай мұнай импортының  қайнары. Қытай мұнай импортының шамамен 55 пайзы Орта Шығыс пен Оңтүстік Африка елдерінен кіреді. Қытайдың мұнай тиеген алып кемелері Малакка бұғазынан өтіп Оңтүстік Қытай теңізі арқылы Қытайға жетеді. Бұл кемелердің кедергіге ұшырауы Қытайға аса ауыр зиян келтіреді.

Қытай мен Иран арасындағы келісім 2025 жылға дейін екі ел арасындағы сауда қатынасын 600 млрд АҚШ  долларына жетізуді көздейді.  2017 жылы Қытай- Сауд Арабия арасында құны 65 млрд долларды құраған келісімшарт жасалды.  Сол жылы және Қытай-БАӘ арасындағы сауда құны 46.3 млрд доллардан асып, Біріккен Араб Әмірлігінде 300 мың қытай жұмыс істеді. Болжамдарға сенсек, болашақта Қытайдың осы елдермен сауда көлемі 6 триллион долларға жетуі мүмкін.

Оңтүстік Қытай теңізінен өтетін теңіз тасымалы.

Қытай мен Орта Шығыс елдерінің басты сауда қатынасына келер болсақ, Қытай Орта Шығыс елдерінің мұнайын сатып алады (2013 жылы Қытай бұл аймақтан 282 миллион 144 мың баррел мұнай сатып алған), Орта Шығыс елдері Қытайдан электро-механикалық өнімдер, тоқыма бұйымдары, тұрмыстық электр жабдықтар, медицина жабдықтары, ойыншықтар, компьютер, қолөнер бұйымдарын сатып алады.  200 миллионнан аса халқы бар Орта Шығыс аймағы Қытай өнімдерінің үлкен базарларының бірі.

2017жылғы Қытай мұнай импортының көрсеткіші

 

«Оңтүстік Шығыс Азия мен Оңтүстік Азияның көтерілуі»

Халықаралық Валюта Қоры 2018 жылы қазанда жариялаған статистикалық мәліметтер мен экономикалық болжамдарда Оңтүстік, Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің экономикасының қарқынды өсіп келе жатқанын айтады. Айталық – Үндістан7.3%, Пәкістан 5.7%, Бангладеш 7.343%, Непал 6.3%, Камбоджа 6.9%, Лаос 6.7%, Вьетнам 6.6%, Филиппин 6.5%, Мьянма 6.4%, Индонезия 5.1%, Малайзия 4.7% , Тайланд 4.6%.

Бұның себебі өздігінен «менмұндалап» тұр. Қытайдан завод-фабрикаларды сыртқа шығарған Батыс елдері Оңтүстік Азия мен Оңтүстік Шығыс Азия елдерін өндіріс базасы етуге қадам бастады. Соған ілесе Батыс елдерінің инвестициясы, әлемдік бренд маркалар, танымал кәсіпорындар да осы елдерге қарай ойысты. Айталық, Вьетнамның 25 пайыз кірісі бір ғана Samsung компаниясынан келеді.

Оңтүстік Шығыс Азия елдері.

Бұл үрдіс 2013 жылы басталды деуге болады. Батыс елдерінің бұл аймақты көзде ұстауына шарт жетерлік. 2,2 млрд халық жасайтын бұл аймақта еңбек күші мол, базары кең. Қытаймен салыстырғанда еңбек күші арзан. Ал, Қытайда өндірістің қымбаттауы жалғасты 3-4 жылға созылуы мүмкін. Бұл Қытай экономикасын жалғасты құлдыратады. Оңтүстік Қытай теңізін қамтыған Қытай мен Оңтүстік және Оңтүстік Шығыс Азия елдері арасындағы тартыстың басты себебі осында жатыр. Алдағы он жылдықтарда Үндістан мен Индонезия бастаған Оңтүстік, Оңтүстік Шығыс Азия елдерін әлем экономикасының алдынғы қатарынан көруіміз бек мүмкін.

Батыстық өндірушілері мен қаржысының аталған аймаққа ойысуы Қытайдың «қызғанышын» оятты. Ендігі жерде Қытай бұл аймаққа өзінің қуатты армиясы арқылы әскери қысым жасай бастады. Сол арқылы аймақтағы теңіз тасымалына кедергі келтіруге тырысуда. Бұл аймақтағы АҚШ пен Жапония қолдаған елдердің Қытаймен қайшылығын басты себебі.

Қытай шығысындағы импорт пен экспорт.

Қытайдың экспортында  АҚШ 18.3 пайыз, Еуроодақ 16.1 пайыз, Оңтүстік Корея 6.1 пайыз, Жапония 4.5 пайызды құрап, жалпы Қытай экспортының 40 пайызынан асады.  Бұл тағы да Қытайдың шығысы мен оңтүстігіндегі теңіз тасымалына барып тіреледі. Құрама Штат Оңтүстік Кореядан Үндістанға дейінгі аймақта орналасқан әскери базалары, сонымен бірге, аймақтағы елдермен бірге өткізетін теңіздегі әскери әрекеттерінің бәрі Қытай экономикасын әлсіретуге бағытталады. Оның соңғы Қытайдың жалпы қуатының әлсіреуіне апарып соғады.

Ерзат Кәрібай

“The Qazaq Times”