Америкалық ақпарат құралдарының хабарларына қарағанда, АҚШ пен Талибан күштері диалог арқылы АҚШ әскерлерінің Ауғанстаннан шегіну мәселесінде келісімге келген. Бұның өтемі ретінде тәліптер қандай да бір лаңкестік ұйымның Ауғанстандағы АҚШ пен өзге елдердің ұйымдары мен қарулы күштеріне қауіп төндірмеуге кепілдік берген. Бұл туралы VOA жаңалықтар қызметі хабарлаған болатын.

Мәліметтерге қарағанда, АҚШ пен тәліптердің келіссөз өкілдері Катарда бір апта бойы қарқынды келіссөз жүргізген. Келіссөзге Катар мен Пәкістанның өкілдері де қатысқан.

Ақпарат көздерінің (аты-жөнінін білдіргісі келмеген келіссөз өкілдерінің) америкалық басылымдарға берген мәліметінде, егер алдағы уақытта барлық іс келісім бойынша жүзеге асатын болса, онда бүгін АҚШ Ауғанстан туралы жаңа жоспарды ресми жариялауға тиіс. Бұл жаңа жоспарда Құрама Штат тәліптерді соғысты тоқтатуға шақырады.

АҚШ-тың қарулы күшін Ауғанстаннан шегіндіруі мен Талибанның соғыс тоқтатуы «шектеулі және шартты» түрде болмақ. Дегенмен, хабарларда айтылуынша, АҚШ президенті өз мәлімдемесінде тәліптермен келісім туралы ашық айтпауы да мүмкін.

Бұл рет АҚШ келіссөз делегациясын Құрама Штаттың Ауғанстандағы арнайы өкілі Хализад (U.S. Special Representative for Afghan Reconciliation, Khalilzad) бастап барған. Кезекті келіссөзді АҚШ-тың Ауғанстандағы 17 жылдық соғысы тарихында бұрын соңды болмаған келіссөз ретінде бағалауға болады.

Соңғы жылдары Ауғанстандағы жағдай күрделі бола түсті. Сүрия мен Иракта жеңіліс тапқан "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымы ауған жеріне көше бастады. Бұл Батыс Қытай мен Орта Азияны алаңдатты. Ауғанстанда ДАИШ соғыс бастаса бұл Орталық Азия елдері үшін ең басты қауіпке айналатыны бұған дейін де айтылып жүр. Сондықтан да, Ауғанстан жағдайындағы қандай да бір өзгерістерге назар аудару маңызды болмақ.

“The Qazaq Times”