Қырғызстан Жоғарғы Кенешінің кезекті парламент жиынында «Бір бол» фракциясының депутаты Мықтыбек Әбділдаев 2020 жылдың бірінші қаңтарынан бастап жұмысын бастайтын алқабилер соты туралы тақырып көтерді.
Жоғарғы Кенеш отырысында сөз алған депутат сот қызметкерлерінің қалай таңдалатындығы, жұмыстың қалай жүргізілетіні мен оларды кім оқытатындығы туралы тақырыпты қозғады.
Қырғызстан Жоғарғы сотының басшысы Гүлбар Қалиева: «Ең алғаш бізге ғимарат керек. Осыған байланысты 2019 жылы жаңа орынның құрылысы басталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, біз сот қызметкерлерін оқытуға міндетті емеспіз. Жергілікті билік орындары мамандардың тізімін жасап шығарады» деп, кесіп айтып сот туралы заңның қабылданып қойғандығын жеткізді.
Алайда, Қалиеваның жалпылама жауабы қанағаттандырмағандықтан, депутат Әбділдаев сынның астына алды.
«Қалиева әрбір бөлімге нақты жауап бере алмады. Мұндай мардымсыз әңгімені 10 сынып оқушысы да айта алды. Мен қандай да бір шаралардың өтетіндігін, бұл шараларды қаржыландыруды, сот мамандарын қалай таңдап алу мен оларды оқыту туралы нақты жауап алғым келген. Бұдан кейін ғана жаңа ғимаратқа дайындық пен қабылданған заң туралы шешімге жауап алу көзделді» деп, сот орындарының әлі де болса нақты жауаптан жалтаратындығын тілге тиек етті.
Естеріңізге сала кетейік, соңғы уақытта Қырғызстан билігі сот қызметкерлерінің салғырттығына қатты наразы. Білімсіз кадрлердің кесірінен талай үкім қате шығарылды. Осыған байланысты 2020 жылдан бастап сот қызметіне жаңадан мамандарды таңдап алу қарастырылып отыр.