Араб елдері Кедендік одақ құрмақ.

Бейрут қаласында өткен Араб елдері лигасының саммитінде ұйымға мүше елдер кеден одағы мен ерекін сауда аймағын құруға байланысты келісімге келді. Араб елдері лигасы бас хатшысының орынбасыры Хусам Закидің сөзінше, кеден одағы аясында бірігу лигаға мүше 20 мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және одан ары тұрақты дамуына септігін тигізеді.

Бұдан бөлек саммит аясында Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясы қосылып криптовалюта жүйесін жасауға уағдаласты. Сарапшылар пікірінше, бұл аймақ экономикасы үшін өте маңызды келісім және алдағы уақытта аталмыш уағдаластық өзінің оң нәтижесін береді.

Естеріңізге салайық, 2015 жылы Қазақстан, Беларусь және Ресей елдері (кейіннен Қырғызстан мен Армения қосылды) Еуразиялық экономикалық одақ құрған. Ол кезде де мемлекет басшылары мен бірқатар сарапшылар "Еуразиялық одақтың құрылуы аймақ экономикасының дамуына оң ықпал ететін болады" - деген болжам айтқан. Бірақ уақыт өте одақтың пайдасынан зияны көбірек екендігі белгілі болды. Бастапқыда ұйымға мүше елдер одақ аясында тауар, капитал және еңбек күші емін-еркін жүреді деп келіскенімен іс жүзінде бұл келісімдер орындалмай қалды. Ресей өз нарығына Қазақстан мен Беларусьтен баратын тауарларға түрлі сылтаулармен шектау қойып, қолдан кедергі жасады. Оның үстіне соңғы жылдары Ресейге салынған батыс елдерінің санкциялары ұйымға мүше өзге мемдекеттердің экономикасына кері әсерін тигізуде.

"The Qazaq Times"