Германияның оңтүстігіндегі Мюнхен қаласында өткен 53-ші кезекті Мюнхен Қауіпсіздік конференциясында «Қауіпсіздік туралы Давос келісімі», халықаралық қалыптасқан қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Америка Құрама Штаттар мен Еуропалық елдердің «Транс-Атлантика» қатынасы қайта қаралып, Ресей мен Батыс елдері қатынасы талқыға түсті.
Соңғы жылдардан бері Ресей мен АҚШ бастаған НАТО ұйымы арасында, Украина, Сүрия (Сирия) және басқа да мәселедегі дау жанжалдар, Ресей мен Батыс арасындағы қарым-қатынасты күрт өзгертті. Әсіресе, Ресей-АҚШ арасындағы қатынас қырғи-қабақтық жылдардағыдай салқын күйге өтті. Дегенмен, ресейшіл саналатын Трамп АҚШ президент тағына келуімен, АҚШ-Ресей қарым-қатынасының жақсаруы мүмкін деген пікірлерде бар. Бірақ, Трамптың аузынан шыққан бірнеше сөз батыс әлемін дүрліктіргені де көзқарақты жұртқа мәлім. Айталық, «НАТО-ның уақыты өтті», «ЕО-дан бас тарту – ұлы шешім» немесе «Транс-Атлантида қатынасында Еуропа халқының ати-ресейлік көзқарасына сызат түсті» деген секілді сөздері Батысты қобалжытқан болатын. НАТО-дағы Қорғаныс министрлері мен өзге де лауазымы тұлғалар, Трамп көзқарасы мен жасаған саясаты Батыс пен Ресей арасын одан ары алшақтатуы мүмкін деп отыр.
Бірақ, АҚШ үкіметінің лауазымды тұлғалары айтқан сөздері бұл пікірлерді терістерді. АҚШ Қорғаныс министрі Мэттис кеңесте, трансатлантикалық қатынас және НАТО-ның қауіпсіздік ұжымы АҚШ-тың ең басты жауапкершілігі екенін, бұдан бас тартпайтынын анық айтты. Ол сөзінде: « Қазір НАТО Ресейден келетін қауіпке ұшырап отыр, сондықтанда АҚШ Балқан маңында әскери күштің әлсіреуін тежеуге тырысады», – деген болатын. Ал, АҚШ вице-президенті Бренс Мюнхен кеңесінде: « Трамп үкіметі Ресеймен ортақ таным және келісімге келеді. Алайда, Украина мәселесінде Ресейдің жауапкершілігін мойындатуды жалғастыра береді. Америка Құрама Штаттары НАТО-ны пәрменді түрде қолдайды, Еуропамен «Үздік одақтас» бола береді», – деді. Трамптың вице-президенті мен қорғаныс министрінің аузынан шыққан бұл екі пікір, қазіргі Американың Ресей және Еуропамен болған қатынасындағы нақты ұстанымын көрсетіп тұрса керек.
Бұл реткі Мюнхен отырысы АҚШ, Еуропа, Ресей қатынастарын қайта қарады. Ресей НАТО-ның басты қауіпі екенін тұрақтандырды. Конференция қортындысы бойынша Батыс әлемі үшін Украина, Сирия мәселесіне Ресей мәселесі келіп қосылды. Бұған Ресейдің НАТО аймағындағы әрекеттерінің жиілеуі, шекарасында әскери техникалардың қимылы көбейіп, ядролық қаруларының орын ауыстырылуы, сондай-ақ, Арктикадағы әскери әрекеттерінің жиілеуі себеп болып отыр. Бұл алдағы уақыттағы халықаралық күрделі жағдайлардың дауылын байқатады. Ал шын мәнісінде, Еуропа, Америка, Ресей қатынасы – үшбұрышты қатынас. Ресей-Еуропа қатынасы Ресей-АҚШ қатынасына қарағанда салқын күйде. Бір тараптың келесі екі тарап арасындағы қатынаста маңызы жоғары. Ресей-АҚШ қатынасынан Еуропаны алып тастауға немесе Еуропа-Ресей қатынасынан АҚШ-ты бөле қарауға келмейді. Үш жақты тепе-теңдік сақтап тұр деуге болады.
Германия қорғаныс министрі Фэн Делайен болса: « НАТО Ресеймен сенімділік жолдарын қарастыруы керек. Еуропа мен Ресей қатынасына Америка шешім қабылдауға тиісті емес», – дегенді айтты. 19 ақпан күні сөз алған Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров: « Ресей прагматикалық, өзара құрмет қарым-қатынасына ұмтылады. Алайда, соңғы 30 жылдағы НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюі, Еуропа жағдайының шиеленісін тудырды. Еуропа болса "батыстық қағида жасап", әлемді соған сай қайта құруға тырысты», – деп салды. Ресей министрінің көлденең ұстаған уәжі, бір есептен дұрыс деуге де болады. Десе де, Ресей Украина мәселесінде өзінің басты жауапкершілігінен бас тарта алмайды. НАТО-ның Ресейге тосқауылдық рөлі болмағанда, Украина мәселесі көптеген Шығыс-Еуропа елдерінде болатын ба еді, кім біледі! РФ сыртық істер министірі бұл отырыстағы Ресейге бағытталған сыни пікірлер турасында: « Бұл пікірлер қырғи-қабақ соғысының әлі де жалғасып отырғанын түсіндіреді», – деген пікірін айтты.
Шетелдік сарапшыларының бұл туралы талдауларына қарар болсақ, Трамп таққа отырудан бұрын шынында АҚШ пен РФ қатынасын жақсартуды көздеген екен. Ал, бұны АҚШ-тағы саяси ауқымдарға талдау алып барғанда да анық байқауға болады. Айталық, Трамп АҚШ-Ресей қатынасын жақсартуға бірнеше рет кірісті. Алайда, АҚШ-та қалыптасып қалған, дәстүрлі Ресейге деген сенімсіздік Трамп саясатына жол бермеді. Олар «Трамп бір ғана АҚШ пен Ресейді татуластыру үшін президенттікке сайланбады» деп даурықты. Ресейшіл саналған Трамптың қолдауға жетпеуінің тағы бір себебі – партиялар мен саяси топтардың қарсылығы болса, енді бір жағынан, Құрама Штаттың ішкі саяси атмосферасы мен талабына қайшы келді. Бұл талаптарға салса, АҚШ әскери күш, мұнай және басқа да мүдделерде Ресейді тежеуіне тура келеді.
Өзге де елдің сарапшылары Ресей мен АҚШ қатынасының жақсаруына НАТО үлкен кедергі келтіріп отыр дегенді айтады. Егер НАТО болмағанда АҚШ-Ресей арасында тікелей орын алған үлкен алауыздықтар аз. Солай бола тұра, Құрама Штат НАТО-дан бас тарта алмайды. Себебі, НАТО – Американың Еуропа мен Орта-Шығыстағы серт ұстаған семсері іспетті. Бұл үшбұрышты қатынастың жақын арада оңала қоймайтыны да содан. НАТО Америка және Ресей ортасындағы алуға да, қоюға да болмайтын қабырға сынды.
Қазақстан үшін НАТО, Еуропа, АҚШ, Ресей арасындағы текетірестің созыла түсуі тиімді. Бұл текетірестер Қазақстанға түсетін Ресей саяси ықпалын бәсейтіп ұстайды. Батыс пен Ресей қатынасы тіпті де шиеленіссе біздің де қамытымыз сөгіле түседі. Ресей құрамындағы республикалар да өз мүддесін жақтауға тырысады. Бұл қаз-қаз басқан Қазақстан дамуы мен мүддесіне екінші рет үлкен мүмкіндік туғызады. Оны да алдыңғыдай өткеріп алар болсақ, онда, арғы болашақтан бірдеңе деу аса қиын.
“The Qazaq Times”