Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаковқа мемлекеттік музейлерді қайта жөндеуден өткізу жобасын тергеу аясында жаңа айыптар тағылды.
Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) мәліметі бойынша, Исаковқа бұл іске қатысты "ауыр салдар қалдырған коррупция" айыбы тағылған.
Мәліметке сәйкес, 2016 жылы Қырғызстан үкіметі мен Түркияның үйлестіру және ынтымақтасу жөніндегі агенттігі арасында музейлерді қайта жөндеуден өткізу жөніндегі келісімге қол қойылғаны айтылады. Бірақ түрік тарапы жоғары лауазымды тұлғалар "араласып жатыр" деп жұмысты атқарудан бас тартқан. "Араласты" деген шенеуніктер ішінде сол кезде Қырғызстанның президент аппаратын басқарған Сапар Исаковтың да аты-жөні болған.
Осы аптада арнайы қызмет "Бішкек қаласындағы ЖЭС-ті модернизациялау" ісі бойынша тергеуді аяқтағанын мәлімдеген. Бұл іс бойынша мемлекетке 111,2 млн доллар шығын келгені айтылады.
2018 жылдың 5 маусымында Исаков "Бішкек қаласындағы ЖЭС-ті модернизациялау" бойынша коррупцияға қатысы бар деген күдікпен ұсталған. Оған "президент аппараты жетекшісінің орынбасары болып тұрғанда, шетелдік компанияның мүддесін қорғады" деген айып тағылған.
Исаков болса өзіне тағылған айыптарды мойындамайды және саяси астары бар деп есептейді.