АҚШ президенті Дональд Трамп демократиялық партия басшылығымен кездесуді ортадан үзді. Оған демократтардың Мексикамен шекарада қабырға құрылысының жобасын қолдаудан бас тартқаны себеп.
Демократтардың АҚШ-та Мексикамен шекара құрылысын салуға 5,7 млрд доллар бөлуден бас тартуына байланысты 22 желтоқсаннан бастап «шатдаун» деп аталатын үкімет құрылымдарының жұмысын ішінара тоқтату жалғасуда. Трамп өз сөзінде: «Мен демократтарға мынадай сауал тастадым: егер мен АҚШ үкіметінің жұмысын қайта бастасам, сендер Мексикамен арадағы қабырғаны салу туралы құжатқа қол қоясыңдар ма? Сол кезде Нэнси «жоқ» деді, ал мен «онда сау болыңдар!» деп қысқа қайырдым. Егер біз осы құрылысты бастасақ, гуманитарлық дағдарысты тоқтата аламыз», – деп Мексикамен қабырғаның аса маңыздылығы туралы мәлімдеді
Президент демократиялық партия өкілдерін алдағы уақытта Ақ үйге шақырмақ. Ол заңсыз көші-қонды, есірткі ағынын тоқтату және гуманитарлық дағдарысты тоқтату үшін шекарадағы металл кедергінің құрылысын қолдауды талқылайды. Ал өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси мен Сенаттағы демократия көшбасшысы Чак Шумер Трампқа алдымен шатдаунды тоқтатып, қабырға құрылысы бойынша дебат өткізу туралы ұсыныс білдірді.
Бұл «шатдаун» – Трамп билігі кезіндегі үшінші және ең ұзаққа созылған үзіліс. Осы даудың салдарынан мемлекеттік органдардың 25%-ы қаржыландырудан айырылды. Бұл Ішкі қауіпсіздік министрлігі, Сауда министрлігі, ІІМ мен Қаржы министрлігіне қатысты. Сонымен қатар, Смитсон институтының ұлттық саябақтары мен мұражайлары жабылды. 800 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер ақылы демалысқа кетті. Бекітілмеген бюджет салдарынан 22 желтоқсаннан бері АҚШ федералды билігінің жұмысы ішінара тоқтатылды. Қазіргі шатдаун АҚШ тарихындағы ең ұзақ үзіліс болуы мүмкін. 1995-1996 жылы болған үкімет үзілісі 21 күн бойы жалғасқан.