2018 жылы Қазақстанда инфляция 5,3 пайызды құрады. 

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2018 жылы азық-түлік тауарлары 5,1%, ақылы қызмет түрлері 4,5%, азық-түліктік емес тауарлар 6,4% қымбаттаған.

Атап айтқанда 2018 жылдың желтоқсан айында 2017 жылмен салыстырғанда қырыққабат – 31%, қант – 20,9%, кептірілген сыр – 11,9%, тауық еті – 10,4%, жылқы еті – 9,6%, сүт – 7,8%, күнбағыс майы – 7,4%-ға қымбаттаған.

Азық-түліктік емес тауарлар арасында автокөлік бағасы – 8,5%, құрылыс заттары – 8,1%, фармацевтикалық өнімдер мен киім-кешек, аяқ киім және тұрмыстық техника – 7,8%, дизель отыны – 29,6%-ға өскен.

Коммуналды қызмет түрлері арасында кәріз қызметі – 3,1%, суық су – 3%, газ – 2,7%, жылу – 2,6%, ыстық су – 2,2%, электр энергиясы – 1,1%-ға қымбаттаған.

Осы тұтса айта кететін бір жайт, осыдан біраз уақыт бұрын президент Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында үкімет мүшелеріне коммуналды тариф бағасын арзандату қажеттігін айтып тапсырма берген. Осыдан кейін премьер-министрден бастап, облыс әкімдеріне дейін президент тапсырмасын орындауға уәде беріп, дәстүр бойынша бір ауыздан «бас шұлғу» рәсімін жасаған.

"The Qazaq Times"