Ауғанстанда 2019 жылға жоспарланған президенттік сайлауға кандидаттарды тіркеу басталды. Бұл туралы Khaama Press мәлімдеп отыр.
Ауғанстан сайлау комиссиясының сөзінше, қазіргі таңда президенттік сайлау 20 сәуірге белгіленген. Алайда, дәл осы күні Газни қаласында кейінге шегерілген парламент сайлауы да жоспарланған екен.
Қазіргі таңда он бестен астам кандидат президенттік сайлауға қатысу үшін тіркеуге тұрған. Ауғанстан заңы бойынша, аталған лауазымға ауған азаматтығы бар, ата-анасы ауғандық, мұсылман және сотталмаған азаматтардың барлығына қатысуға болады.
Ауғанстан сайлау комиссиясына барып тіркеуге тұрғандардың арасында үкімет министрі Абдулла Абдулла, «Масуд» қорының жетекшісі Ахмет Вали Масуд және Ауғанстанның қазіргі президенті Ашраф Ғани келесі сайлауға өз үміткерлігін ұсынған.
Бұдан сәл ертеректе елдің қауіпсіздігі мен өзге де жағдайларға байланысты Ауғанстанда президент сайлауы кейінге шегеріледі деген ақпарат шыққан. Алайда, жоспарланған дата сол күйі қабылданды.
Қазан айында өткен Ауғанстандағы парламент сайлауы кезінде, Талибан ұйымы мен Ислам мемлекеті террорлық әрекеттерге барып, дауыс беру орындарында жарылыс жасаған. Соның салдарынан 56 адам қаза тауып, 379 адам түрлі дене жарақатын алды. Аталған оқиғаны бақылауында ұстаған БҰҰ, Ауғанстандағы парламент сайлауы заманауи тарихтағы ең қанды сайлау деп мәлімдеген болатын. Бұдан бөлек Ауғанстанның Талибан ұйымы шоғырланған шағын аудандарының тұрғындары дауыс беру шарасына да қатыса алмады.
Ауғанстандағы президенттік сайлау келесі жылы қандай болатыны белгісіз. Себебі АҚШ, Ауған шекарасындағы әскерінің басым бөлігін Америкаға қайтарадындығы туралы мәлімдеген болатын. Осыдан кейін, Талибандардың әрекеті мен кандидаттардың арасындағы араздың да күшейетіні белгілі. Ұзақ жылдар бойы қақтығыстан көз ашпай келе жатқан Ауғанстан елі, келер жылы әділ сайлау өткізеді дегенге, көптеген Халықаралық сарапшылар бас шайқап отыр.