Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің қорымен құрылған «Арыстан» мамандандырылған лицейінде «Жауынгерлік жанұядай ұйысқан – Ұлттық ұлан елі мен халқына қорған!» атты лицей оқушыларымен патриоттық-танымдық кеш болып өтті деп хабарлады «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Баспасөз қызметінен Айдос Байшағыров.
Кеш барысында Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5571 әскери бөлімінің тәрбиеші офицерлері капитан Саламат Әмірханов пен лейтенант Максим Борцов лицей оқушыларына Ұлттық ұланның жауынгерлік тарихы туралы сыр шертіп, ұлттық патриоттық тәрбиемен қоса ерлік жайлы өсиеттерді баяндады. Сондай-ақ кешегі Ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұланның тарихына тоқталып, еліміздегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен аса қауіпті қылмыскерлерді құрықтау секілді ұландықтардың бүгінгі міндеттерін тілге тиек етті.
Өз сөзінде Саламат Әмірханов: «Ұлттық ұлан қашан да мәртебесі биік әскер. Біздің қатардағы сарбаздан бастап командирлерге дейінгі әскери қызметшілеріміз ұдайы жауынгерлік даярлық пен кәсіптік дайындықтың, соның ішінде табанды іс-әрекеттерінің арқасында үнемі ел алғысына бөленіп жатыр. Күні кеше ғана болған Ақтөбедегі қанды қырғында Ұлттық ұлан сарбаздары нағыз ерліктің үлгісін көрсетсе, өз кеудесін тосу арқылы сарбазын граната жарылысынан аман алып қалған полковник Қайрат Үмбетов нағыз командирге тән қырағылығын танытты.
Бұдан бөлек қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен ел тыныштығын сақтау жолында ұландықтар күнделікті жауынгерлік қызметтер атқарып, біршама жауынгерлер қырағылықтарымен көзге түсті» - деп, батыр бабалардан мирас болып жалғасып келе жатқан ерлік үлгісін баяндап, лицей оқушыларын болашақта Ұлттық ұланның қатарына қызмет етуге шақырды.
Тәрбиеші офицерлердің ерлік жайлы әңгімелері оқушыларға ерекше әсер беріп, олар кеш қонақтарын ұйып тыңдады, соңынан өздерінің сұрақтарын да қойып жатты.
Осындай әдемі кеш барысы «Жауынгерлік жанұядай ұйысқан – Ұлттық ұлан елі мен халқына қорған!» атты жауынгерлік ерлікке толы Ұлттық ұлан жайлы түсірілген бейнетаспаны көрумен жалғасып, артынан дирижер Елена Евстратенконың жетекшілігімен «Генерал» атты қаламыздың үрмелі аспаптар оркестрінің концерттік бағдарламасына ұласты.
“The Qazaq Times”