БҰҰ-да өткен мемлекетаралық конференция «Қауіпсіз, тәртіпке келтірілген миграция жөніндегі дүниежүзілік пактіні» бекітті.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, 150-ден астам мемлекет қабылдаған пакт 19 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясының отырысында бекітілуі тиіс. Миграцияға қатысты құжатты қолдайтындардың қатарында Ангела Меркель бар. Германия канцлері қазір әлемде 70 миллионға тарта босқын барын және пакт миграциялық дағдарысты әлемдік деңгейде реттеуге септігін тигізетінін айтты.
Жиын Мароккодағы Марракеш қаласында өтті. Енді құжат бойынша актте заңсыз миграцияға тосқауыл болып, мигранттарды интеграциялау және туған еліне қайта оралуға жағдай жасау қарастырылған. Бірақ, құжатқа қол қойған кез келген мемлекет шарттарды орындауға міндетті болмайды.
Желтоқсанда АҚШ аталған пактіге қол қоюдан түбегейлі бас тартқан. Сонымен қатар, Аустрия, Аустралия, Венгрия, Польша, Чехия, Болгария, Эстония және Израиль мемлекеттері БҰҰ-ның миграция бойынша келісіміне қарсы шыққан болатын. Олардың айтуынша, «егер құжат қабылданса, әлемде араб елдері мен Африка тұрғындары бастаған заңсыз келімсектер артуы мүмкін».