Өзбекстанда 1177 жоғары лауазымды шенеунік коррупцияға қатысы бар деген күдікпен ұсталған. Бұл жөнінде Өзбекстан Конституциясы күні қарсаңында өткен мерекелік шарада мемлекет басшысы Шавкат Мирзиеев мәлімдеген.

«Құқық қорғау органдары қаншалықты тырысқанымен, азаматтарымызға қарсы жүргізіліп жатқан жиіркенішті іс-әрекеттер жойылмай келеді. Қоғамдық бақылау әрекетінсіз жемқорлықпен тиімді күресу мүмкін емес. Бұл зұлымдыққа тек қана құқық қорғау органдары емес, қоғам да қарсы тұру керек», – деді Шавкат Мирзиеев.

Оның сөзінше, әрбір мемлекеттік мекемеде жемқорлықпен күресуде өзінің жеке бағдарламасы болу керек, ал оның жүзеге асуын қоғам бақылауы тиіс.

Өзбек президенті сонымен бірге АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Болгария, Грекия, Латвия, Эстония секілді елдерде жемқорлыққа қарсы арнайы комиссия мен комитеттер қызмет істейтінін атап өтті.

«Аталған тәжірибелерді есепке ала отырып, әрі біздің Конституцияда талап етілгендей, Олий Мәжіліс палатасынан жемқорлықпен күрес комитетін құруды ұсынамын. Бұл комитет барлық деңгейдегі мемлекеттік мекемелерде жемқорлықпен күресуге бірге атсалысу керек», – деді президент.

"The Qazaq Times"