БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Иранның зымыран бағдарламасын тақырып еткен отырыс өткізді. Иран баллистикалық зымыран сынағын айыптаған Ұлыбритания мен Франция аталған отырысты өткізуге ұсыныс жасаған болатын.

Жабық отырыста Иранның баллистикалық зымыран сынағын өткізгені туралы мәліметтер талқылауға салынды. АҚШ тарабы Теһран (Тегеран) билігі Қауіпсіздік кеңестің шешімдерін бұзды деп айыптады және Қауіпсіздік кеңес мүшелерінен Иранға қарсы айыптауды қолдауға шақырды.  АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілі Никки Хейли Иранның кезекті зымыран сынағы «арандатуға бағытталды» деп бағалады.

Иран Ислам Республикасының кезекті зымыран сынағы БҰҰ ҚК шешімдеріне қайшы екенін Британия мен Франция тарабы да қолдады. Аталған тараптар Иран үкіметін баллистикалық зымыранға қатысты барлық жобаларын тоқтатуға шақырды.

Осымен бір уақытта Иран Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасап, Иран зымыран сынағын тақырып еткен айыптаулар мен отырыс негізсіз деп бағалады. Әрі, Сыртқы істер министрлігі интернеттегі ресми сайты арқылы жазбаша мәлімдеме жасап, Франция мен Британияның Қауіпсіздік кеңеске Иран зымыраны туралы отырысқа шақыру әрекетін сынға алған.

Иран СІМ өкілі Бахрам Қасыми мәлімдемесінде: «Баллистикалық зымырандар Иран қорғаныс қауіпсіздігінің маңызды бөлегі. Біз зымырандарға ядролық оқ тұмсықтарды қолдану туралы ешқандай бағдарлама түзбедік. Қорғаныс бағдарламалары өзімізге төнген қауіптерге қарай реттеледі. Бұл әрекеттер Иранды баллистикалық зымыраннан толығымен бас тартуға мәжбүрлеу, сол арқылы Иранның қауіпсіздік қуатын әлсіретуге бағытталған», – деді.

Иран сондай-ақ, Сауд Арабиясының Йемендегі әскери әрекеттеріне үнсіз қалған Батыс елдері, өздерінің бейбіт мақсаттағы сынақтарын айыптағанын сынға алды.

“The Qazaq Times”