Аргентинада өткен G20 саммитінен еліне оралғаннан кейін, АҚШ президенті Дональд Трамп алдағы жылдың бас шенінде Солтүстік Корея басшысын тағы бір рет кездесуге шақырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, ол КХДР ең жоғары басшысы Ким Жоң Ун жыл соңына дейін Сеулге ресми сапармен барып, Оңтүстік Корея президенті Мүн Жайн мен кездесетінін де алға тартты.
Қыркүйекте Оңтүстік-Солтүстік Корея басшылары кездескен кезде Ким Жоң Ун жыл соңына дейін Сеулге сапарлай баруға уәде берген болатын. Дұрысында, Мүн Жайн Ким Жоң Унды Сеулге шақырды. Алайда, жыл соңы жақындаған сайын, Ким Жоң Ун уәдесін орындай ма, Корей түбегіндегі тарихи сапар жүзеге аса қоя ма деген сауалдар туындауда.
Бұл жөнінде Мүн Жайнның баспасөз хатшысы Ли Жоңси журналистерге: «Екі елдің жетекшілері де ұқсас көзқараста. Олар Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Унның Сеул сапары Корей түбегінің бейбітшілік процесіне деген күш-жігерді арттырады деп қарайды», – деп мәлімдеген.
Мүн Жайнның жыл соңына дейін Сеулге кел деуінің үш түрлі себебі бар деуге болады:
Біріншіден, Мүн жайн сапар жүзеге асып жатса, ел ішінде үкіметінің қолдау көрсеткіші жоғарлай түседі деп үміттеніп отыр. Өйткені, экономикалық қалжырауға байланысты елдегі саясы жағдай жақсы емес. Соңғы кезде, Оңтүстік Кореяда Мүн Жайн үкіметін қолдау деңгейі төмендеп кетті. Статистикалық мәліметтер елдің 48,4 пайыз халқы ғана Мүн Жайнге сенім артып отыр. Ал, ол үш ай бұрын Ким Жоң Унмен келіссөз өткізген кезде қолдау көрсеткіші 60 пайызға дейін жеткен еді.
Екіншіден, Мүн Жайн Ким Жоң Унды Сеулге әкелу арқылы оңтүстік кореялықтарды Солтүстік Кореяның өзгергеніне сендіргісі келеді. Яғни, «олар өзгерді, Солтүстік Корея мен Ким Жоң Ун айтқанында тұрады» деген пікірді қалыптастырғысы келеді.
Үшіншіден, егер Трамп пен Ким Жоң Унның екінші реткі кездесуінен бұрын Мүн Жайын Солтүстік Корея басшысы Сеулге әкеле алса, онда Корей түбегіндегі екі тараптың қарым-қатынасы АҚШ пен Солтүстік Корея қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Бір анығы, Ким Жоң Унның Сеул сапарының бол болмауы тікелей Пиоңяңға (Пхеньян) байланысты. КХДР басшысы Сеулге барып жатса, бұл ақпан айында өтуі мүмкін АҚШ-КХДР саммитін жеңілдете түседі деген болжамдар бар. Бірақ, тараптардың дипломатиялық құлшыныстарына қарамастан АҚШ-тың санкция тегеуріні босамайтынын анық аңғартты.
Трамп әкімшілігі Ким Жоң Унның Сеул сапарына қарата Ақ үйден арнайы мәлімдеме жасаған. Мәлімдемеде Солтүстік Кореяның ядролық қарудан бастартуы Корей түбегінің өркендеуі мен бейбіт тұрақтылығының бірден бір кепілі екенін ескерткен. Әрі, бұл туралы АҚШ пен Оңтүстік Корея президенттері әлдеқашан ортақ пікірге келіп болғанын қайталаған. Сондықтан да, ядролық қарусыздану жүзеге асқанға дейін қатаң санкцияларды сақтап тұрудың маңыздылығын көбірек айтқан. Ал, президент Мүн Жайн G20 саммитінен кейін журналистерге берген сұхбатында, президент Трамптың Ким Жоң Ун туралы «өте жақсы пікірде екенін», «Ким Жоң Унды ұнататынын» айтқан болатын.
Алайда, жұртшылыққа жыл соңына дейін Солтүстік Корея басшысының Сеул сапары болатын-болмайтыны және оның Оңтүстік Корея астанасына жасаған сапарында қандай мақсатқа қол жеткізуді көздейтіні әлі белгісіз. Кейбір сарапшылардың айтуынша, мейлі қандай мақсатпен барса да, Ким Жоң Унның Сеул сапары жүзеге асатын болса бұл тарихи символдық мәні бар оқиға болып қалады. Бірақ ойландыратын бір мәселе – Кимнің Сеул сапарынан қандай нәтиже шықпақ?