Ақ үйдің экономикалық кеңесшісі, АҚШ үкіметі Қытайдың сауда мәселелері бойынша келісілген шұғыл шараларға кіріседі деп күтіп отырғанын мәлімдеді. Осыдан бұрын екі ел басшылары Аргентинада бас қосып, маңызды келісім жасасқан еді.

Трамп пен Ши Жинпиң келіссөзінде жасалған келісім – 90 күндік келіссөз кезінде осыған дейін кезектескен кедендік салықтар тоқтатылады; Бұл 90 күндік келіссөздер кезеңі 2019 жылдың 1 қаңтарынан басталады; Ұзаққа созылатын келіссөзде сауда-саттық және басқа да мәселелерді талқылау қатарлылар.

АҚШ Қазына департаментінің бір күн бұрын, келісімге орай Қытай 1,2 трлн АҚШ доллары көлеміндегі сауда-саттық міндетін өз мойнына алғанын айтты. Ақ үй экономикалық кеңесшісі Кудлоу бұл АҚШ өнімдері үшін аса тиімді іс екенін айтты. Оның айтуынша, Қытай үкіметі кеден салығы секілді кедергілерді алып тастау сынды міндеттерін тез арада бастап кетпек.  «Тіпті біз бұл кедендік салықтар нөлге теңестіріледі деп үміттенеміз», – дейді Трамптың экономикалық кеңесшісі.

Қытай қай жағынан жол берді?

Мәлімдемелерден белгілі болғандай, Қытай тарабы Трамптың қойған ең негізгі үш талабына келісім берген. Үш негізгі талап осыған дейін айтылып жүргендей – зияткерлік және корпоративтік меншік құқығын ұрлау, америкалық компаниялардан технологияларды өткеріп беруді талап ету секілді Құрама Штаттың мүдделеріне қайшы мәселелерді тез арада шешетін болады. Бірақ, бұл мәселелер қазір тек ауызша келісім күйінде тұр. Себебі, бұл түйіндерді жіңішкелікпен талдап талқылауға тура келеді.

Кездесуден кейін Қытай басшысы америкалық компанияларға Қытай нарығын ашуға уәде берген. Буэнос-Айресте Трамп пен Ши Жинпиңнан бөлек, Ақ үй экономикалық кеңесшісі Кудлоу, қазына министрі Мнучин және сауда өкілі Роберт Лайтхайзер Қытайдың вице-премьері Лю Хымен бей ресми екі рет кездесу өткізген. Бұл кездесуде де Қытай лауазымдысы Қытай тарабының жаңа міндеттемелер бойынша әрекет жасайтынын бірнеше рет қайталаған.

Кудлоу мәлімдемесінде: «Қытайдың өз міндеттемелерін орындаудағы тарихи көрсеткіштері керемет емес. Біз бұны білеміз. Бірақ, менің айтайын дегенім, президент Ши бұрынғыдан басқаша. Олар баяу жүре алмайды, кешіктіре алмайды немесе кері қайтара алмайды», – деді. Ол және АҚШ үкіметі Қытайдың өз міндеттерін орындаудағы бейнесі мен қарқынына көбірек көңіл бөлетінін ескерткен.

АҚШ пен Қытай арасындағы келіссөздің алғашқы адымда сәтті өтуі, жаһандық қор нарығына да жағымды жағынан әсер етті. Дүйсенбі күін жаңа серпін алған қор нарығы, үш аптадан бергі ең жоғары деңгейге өсті.

Трамп Қытаймен келіссөзге кімді салмақ

Президент Трамп келіссөздердің алғашқы раундын өткізуді сауда өкілі Роберд Лайтхайзерге тапсырып отыр. Лайтхайзер болса Трамп әкімшілігіндегі Қытайды қатты сынға алған лауазымдының бірі. Ол соның алдында ғана Құрама Штат пен Канада, Мексика арасындағы жаңа келісімді сәтті жасасқан еді. Алайда, кейбір сарапшылардың айтуынша, АҚШ-Қытай сауда келісімін жасасу Лайтхайзердің соңғы бірнеше жылда жасасқан келісімдеріне ұқсамайтын ең қатаң әрі қиыны болуы мүмкін. Дегенмен Трамп үкіметіндегі көптеген лауазымдылары Лайтхайзердің келіссөз жүргізудегі қабілетіне тәнті болады. Ол келіссөздер кезінде түрлі қысымдарды ұтымды пайдалана алатын тісқақты саясаткер ретінде мойындалған.

“The Qazaq Times”