ХДС партиясының Бас хатшысы Аннегрет Крамп-Карренбауэр «ARD» телеарнасының эфирінде Германия Ресейге қатысты қатаң позиция ұстануы тиіс деп мәлімдеді.
Екі ел арасындағы «Солтүстік ағыс – 2» жобасын тоқтату арқылы Германия тарапы Ресейге қарсы қысым көрсетуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, Ресей Украинаның үш кемесін басып алған Керчь бұғазындағы оқиғаларға байланысты «Солтүстік ағыс – 2» газ құбырына байланысты келісімді қайта қарауды ұсынды. «ARD»-ға берген сұхбатында Крамп-Карренбауэр: «Германия мен оның одақтастарының Ресейге қатысты ұстанымы өзгермейді, себебі Путин Керчь бұғазындағы қақтығысты бейбіт жолмен шешкен жоқ», – деп мәлімдеді. Сондай-ақ, ол Reuters агенттігіне сұхбат беріп, ЕО мен АҚШ Азов теңізіндегі жағдайға байланысты ресейлік кемелердің еуропалық порттарға кіруіне тыйым салу керектігін айтты. Оның пікірінше, «Солтүстік ағын – 2» құрылысына саяси қолдауды тоқтатып, Берлин Мәскеудің агрессивті саясатына жауап ретінде осы құбыр арқылы жеткізілетін табиғи газ көлемін шектей алады.
1 желтоқсанда Германия канцлері Ангела Меркель Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп, украин теңізшілерін тұтқыннан босату туралы талап қойды. Сонымен қатар, Германиядағы Христиан Демократиялық партиясы (ХДП) көшбасшылығына кандидат Фридрих Мерц Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстан кейін «Солтүстік ағыс – 2» құрылысын қайта қарау керек дейді.
Бірақ, Германия СІМ бұрынғы басшысы Хайко Маас «Солтүстік ағыс – 2» жобасынан шығуға болмайтынын айтты. Себебі, құбыр кез келген жағдайда салынады, егер Германия жобадан шықса, Украина арқылы баламалы бағытта газ жеткізуді жалғастыру мүмкіндігінен айырылуы мүмкін.
АҚШ, Украина және Шығыс пен Орталық Еуропа елдері құбыр құрылысының жалғасуына түбегейлі қарсы, өйткені бұл өз аумағы арқылы Ресей газының транзиті үшін салық ала алмайтын Украинаға көп көлемде зиян келтіреді. Уашингтон бұл газ құбыры алдағы он жылдықтарда Германияның Ресейге энергетикалық тәуелділігін арттырады деп санайды.
Айта кетейік, ресейлік «Газпром» «Солтүстік ағыс-2» консорциумын басқарады. 11 млрд доллар болатын құрылыс келесі жылы аяқталуы керек. Құбыр жұмыстары Ресей газының Германияға Украина аумағын айналып өту көлемін екі есе арттыру мақсатында қолға алынған.