Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың «кеңестік» ойлау жүйесін қалай өзгерткенін айтты.

Назарбаевтың сөзінше, Кеңес одағы тұсында халық жаппай патернализм рухында өмір сүрген және барлығын мемлекеттің айтқаны бойынша істеп келген.

«Өмірге келесің, мемлекет сені балабақша мен мектепке алып барады. Одан кейін пионер, комсомол, коммунист болып университетке түсесің. Содан жұмысқа орналастырады. Осылай өлгенге дейін болады. Біз осыған үйреніп қалдық. Бірақ жаңа заман азаматтардың бұлай ойлауын өзгертуді талап етті. Сол себепті маған жаңа мемлекет құруда ең қиыны адамдардың психологиясын өзгерту болды. Біз патернализмнен кетіп барамыз. Өзге емес, әркім өзі үшін жұмыс істеп, отбасына өзі жауапты болуы тиіс. Қазір Қазақстанда барлығы бар. Тек ақша ғана қажет. Оны табу үшін жұмыс істеу керек» - деп мәлімдеді Назарбаев VІІІ Азаматтық форумда сөйлеген сөзінде.

Естеріңізге салайық, осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстан Коммунистік партиясының ұйымдастыруымен «Комсомолдың 100 жылдық» мерейтойы атап өтілген. Оған қазір билік басында жүрген Қуаныш Сұлтанов, Иманғали Тасмағамбетов, Бірғаным Әйтімова сияқты атқамінерлер қатысып, бір-біріне «шапан кигізіп, медаль таққан». Жалпы, Қазақстанда «кеңестік» ойлау жүйесінен кімнің қай уақытта арылғаны бізге беймәлім. Бірақ билік басында жүрген «экс-комсомолдардың» одан әлі арыла алмай жүргендігі анық.

"The Qazaq Times"