Мұхтар Әбілязов сырттай өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты банкир Ержан Тәтішевтың өліміне қатысы бар деп айыпталған Мұхтар Әбілязовты сырттай өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Прокурор Ілияс Есқалиев 22 қарашада өткен сот отырысында Әбілязовтың Тәтішев өліміне қатысы бар екендігі толықтай дәлелденген айтып, соттан айыпталушыны өмірлік түрме жазасына кесуді сұраған. Әбілязовтың мемлекет тағайындаған қорғаушысы Жанар Қисықова оның кінәлі екендігіне дәлелдің жеткіліксіз екендігін мәлімдеген.

Банкир Ержан Тәтішев 2004 жылы аңшылықта жүргенде оқ тиіп көз жұмған. Кейіннен сот бұны жазатайым оқиға деп бағалап, банкирдің қасында болған кәсіпкер Мұратхан Тоқмадиді бір жылға соттаған. Бірақ 2017 жылы Тәтішев ісі қайта қаралып, Тоқмади «Тәтішевті Мұхтар Әбілязовтың тапсырысы бойынша өлтірдім» - деп мәлімдеген. Тоқмадидің өзі сот шешімі бойынша он жыл алты айға бас бостандығынан айырылу жазасына кесілген.

Мұхтар Әбілязов өзіне тағылған айыптардың барлығының саяси астары бар деп есептейді. Оны осыған дейін Қазақстан соты «аса ірі көлемде қаржы жымқырды» және «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» айыптап, сырттай 20 жылға соттаған.

"The Qazaq Times"