Украина алдағы уақытта НАТО мен Еуропалық Одаққа мүше болмақ.

Одаққа қосылу туралы заң жобасын президент Петр Порошенко ұсынып, Украинаның Конституциялық соты бұл шешімді мақұлдаған. Алдымен біршама реформалар жүзеге асуы тиіс. Порошенко мемлекеттің 2030 жылға дейін барлық салада тас-түйін дайын болатындығын айтты. Осыған дейін НАТО-ның парламенттік ассамблеясы «агрессорлық Ресейдің қауіп-қатеріне қарсы тұру үшін» Украинаны альянсқа қосуды талқылаған. Алайда, Мәскеу тарапы Шығыс Еуропада басқыншылық саясат жүргізіп отырғанын түбегейлі жоққа шығарды.

2013 жылы Еуромайдан деп аталған жаппай халық толқуына қатысқандар Украинаның Еуропа Одағына қосылуын талап еткен. Сондай-ақ Украинаның ұлтшылдар ұйымы (ОУН) Ресейден іргені аулақ ұстап, еуропоцентризмге бет алу керектігін бірнеше рет ескерткен. Бірақ 2014 жылғы Қырым аннексиясынан соң Ресей тарапы Украинаны «уыстан» шығармауға тырысып бақты. Қанша дегенмен Украина да құр қалған жоқ: Мәскеумен арадағы бірнеше байланысқа нүкте қойды. Мәселен, биылғы жылдың қыркүйегінде президент Петр Порошенко Украина мен Ресей арасындағы Достық, Ынтымақтастық және серіктестік келісімінің күшін жою туралы жарлықты қабылдады. Ал қазаннан бастап Украинаның Житомир облысы орыстілді мәдени өнімдерге толықтай тыйым салған болатын. Тыйым актісі бойынша, орыстілді бағдарлама, фильмдерді көрсетуге, ақпараттарды жариялауға болмайды. Сондай-ақ, ресейлік өнерпаздардың гастрольдік сапармен келуіне де қатаң тыйым салынған. Қарсылық шаралар мен заңдар «Ресей Украина аумағын басып алудан толықтай бас тартпайынша» өз күшін жоймайды.

Бір сөзбен айтқанда, Украина еуропалық бағытқа қадам баспақ. Қазірдің өзінде Украина НАТО-мен бірлескен әскери жаттығуларды жиі өткізеді. Сол себептен де Ресей НАТО-ның Шығыс Еуропаға қарай ұлғаюына қарсы болу мақсатында ауқымды әскери жаттығу өткізіп келеді.

"The Qazaq Times"