Панама президенті бейсенбі күні өз сарайында баспасөз мәлімдемесін жасап, Қытай төрағасы Ши Жинпиң желтоқсанның бас шенінде Панамаға сапарлай келетінін, тараптар екіжақты қатынастарды нығайта түсетінін жеткізді. Панама былтыр Тайуанмен (Тайвань) болған дипломатиялық байланыстарын қысқартып, ресми Бейжіңді мойындайтынын жариялаған және осы шешімі бойынша Америка Құрама Штаттарының сынына ұшыраған еді.
Құрама Штат Қытайдың Орталық Америкадағы ықпалының артып келе жатқанынан қатты алаңдайды. Панамадан кейін Доминка мен Эль-Салвадор да Тайуанмен байланысты қысқартып, ресми Бейжіңді таңдағаннан кейін, АҚШ үш елдің де елшілерін елінен шығарып жіберді.
Кеңес одағы мен Америка Құрама Штаттары арасында Орталық Америкаға ықпал етуге бәскелескен «Қырғиқабақ соғыс» кезінен бері қарай бұл аймақ тағы да үлкен державалардың «Агенттер шайқасы» алаңына айналды.
Панама президентінің мәлімдемесіне қарағанда, ҚХР төрағасы Ши Жинпиң 2-3 желтоқсан күндері Панама еліне «қайталанбас сапар» жасайды. Президент Хуан Карлос Варела Қытай басшысымен іскерлік, технологиялық және инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастықты қамтыған 20-ға жуық келісімге қол қоятынын баса айтып өткен.
Биыл шілдеде, Панама мен Қытай арасында еркін сауда туралы келісімдер жүргізіле бастады. Бұған қарап, Панама Қытай тауарларын Орталық Америкаға тарататын орталыққа айналуы мүмкін деп болжауға болады. Ал, Қытай басшысының ресми сапарлар кестесінде бір ғана Панама тұрған жоқ. Аргентинадағы G20 саммитінің алдында Ши Жинпиң Испания мен Португалияға сапар шегеді.
Бұл қадамдар G20 саммитінің аясында АҚШ президенті Трамппен болатын кездесуге өз әсерін тигізуі мүмкін. Қытай бұл жолы АҚШ-пен сауда келісіміне келуге басты үміттенуші тарап болып отыр.