Латвия Ресейден тәуелсіздік алғанына 100 жыл толғанын атап өтті.
18 қараша Литва, Эстония, Финляндия, Исландия басшылары Латвия президенті Раймондс Вейониспен бірлесе отырып Ригадағы Еркіндік монументіне гүл шоқтарын қойып, әскери парад тамашалады. Өз мәлімдемесінде Вейонис: «Біраз уақыт көлемінде баршамыз бірге егемендік үшін күрестік. Тағдырымызды аман сақтап қалдық. Тәуелсіздік пен халқымыз қол жеткізген жетістіктерді мақтан етеміз!», – деді. Әскери парадтан соң Латвия ұлттық театрында арнайы шара өтті. Осыдан 100 жыл бұрын аталған театрда Латвия өз тәуелсіздігін жариялаған.
Балтық бойындағы елдер дербес мемлекет атанған соң, КСРО және Ресеймен байланысы бар тауарлар, ақпарат құралдарынан оқшаулана бастады. 2014 жылы Ресей Украинадан Қырымды аннексиялап, Донбасстағы қақтығысқа қатысқаннан кейін Латвия мен Литва Мәскеудің жүргізіп отырған саясатына үрке қарады. Сол себепті былтыр НАТО Ресейден төнетін қауіпке қарсы тұру үшін төрт батальон орналастырды. Литваның АҚШ-тағы елшісі Роландас Кришюнас: «КСРО тұсында небір қорқынышты, сұрапыл күндер болды. Нағыз қатыгез кезең еді. Сол уақытта орақ пен балғаны бетке ұстаған адам шошырлық, жантүршігерлік қылмыстар орын алды. Совет билігінің қол астында жүздеген мың литвалықтар аяусыз қырғынға ұшырады, жер аударылды, жазықсыз түрмеге жабылды. Сондықтан да кешегі кезеңнің аяусыз тұстарын көрсететін, жаппай қырғынды дәріптейтін киім-кешектер мен өзге өнімдерді таратуға түбегейлі қарсылық білдіреміз», – деген болатын. Осы үндеуден соң, Латвия, Литва мен Эстония билігі КСРО-ны дәріптейтін кәсіпорын тауарларын сатылымнан алып тастау керектігін айтты. Мұнымен қоса, Балтық бойы елдерінің басшылары Walmart компаниясына «Тоталитарлық режимнің құрбаны атанған миллиондаған адамдарға ешқандай құрмет көрсетпейтіні өте өкінішті. Сонымен қатар, бұл кәсіпорын адам құқықтарын аяққа таптап, демократияны жоққа шығару арқылы тоталитарлық жүйе жайлы барынша насихат жүргізіп отырғанын» айтып, үндеу жолдаған.
Айта кетейік, 1918 жылға дейін Балтық теңізі жағалауында орналасқан Литва, Латвия, Эстония елдері Ресей империясының құрамында болды. Ал 1940 жылдары аннексияланып, 1991 жылға дейін Кеңес Одағының құрамында болды. Егемендік алғаннан кейін, аталған мемлекеттер 2004 жылы Еуропа Одағы мен НАТО құрамына енді.