Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласының тұрғындары осымен үшінші күн сусыз отыр.
Күннің жылдам салқындауына байланысты құбырлардан ақау шығып, каналдар мұзға толып қалған. Тез арада іске кіріскен үш көлік жөндеу бригадасы бүгінге дейін толықтай жөндеп бітпегендігін қоғамдық транспорт және көлік бөлімінің басшысы Қуат Мұхамедчин мәлімдеп отыр. Әу бастан қала тұрғындарын сабырға шақырып, жағдайды толықтай түсіндіруге тырысқанымен, үш тәуліктен бері жағдай қалыпқа түсер емес. Бұған шамданған халық, өздерінің наразылықтарын әлеуметтік желі арқылы жарыса жазуда.
Су құбыры толықтай іске қосылмағандықтан, ауыз суды арнайы көліктермен қалаға кіргізуде. Жағдайдың шиеленіскендігін байқаған басшылар мектептегі сабақтарды қысқартып, балабақшалардың жұмысын жарты тәулікке ауыстырған. Осыған байланысты қала басшылығы жақын уақытта барлық жағдайды қалыпқа келтірге уәде берді. Сондай-ақ ауыз суды үнемдеуге өтініш білдірген.
Алайда, жыл сайын қайталанатын жағдайға халық тым ашынып отыр. Қысқы дайындық кезінде барлығы сәтті деп қорытынды шығаратын коммуналдық қызметкерлердің нәтижесі, алғашқы қардан кейін-ақ белгілі болатындығы бірінші реткі жағдай емес. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегендей, істен шыққан құбырды жыл сайын жырлайтын тұрғындардың биыл да күтуден басқа амалы қалмай отыр.