Түркия тарабы Италияда өткен Ливия тақырыбындағы жиналысты тастап шығып кетті. Аталған жиналысқа Түркия делегациясын вице-президенті Фуат Октай бастап барған болатын. Бұл туралы түркиялық «Анадолы» ақпараттық агенттігі хабарлады.
Фуат Октай бұл туралы жасаған мәлімдемесінде: «Түркияны ренжіткені үшін біз жиналыстан кетуге шешім қабылдадық», – деген. Ол және: « Жиналыс барысында кейбір тараптар бейресми кездесулер өткізіп, өздерін Жерорта теңізінің қожасы ретінде жариялады. Түркия мүддесіне зиян келтіретін бұндай бастамаға біз қатаң қарсылық білдіреміз. Түркияның мүддесі тапталған мұндай жиналысқа біз қатыса алмаймыз», – деген.
Октай халықаралық ұйымды бірлік жағында болмады деп сынға алған. Оның айтуынша, Италияның қонақ иесі ретінде Либияға бір тарапты килігуге жол берген. Оған қоса, кейбір елдердің Ливия процесін өз мүддесіне бұрмалағанын айыптап: «Ливияға шетелдіктердің көп килікпеуі керек», – деп ескерткен.
Түркия үкіметі Ливияда тұрақтылық орнатуды тақырып еткен келіссөзден бас тартқанымен, Ливия тақырыбында аймақтағы басты ойыншылармен жекелеген келіссөз өткізуге дайын екендігін білдірді. Түркия аймақтағы өзге ойыншыларды Ливиядағы тұрақсыздықтың басты жауапкері ретінде атайды.