АҚШ-Қытай қатынасы күрделі сауда қақтығысында тұр. Екі елдің ұзаққа жылдарға созылатын әрі сұрапыл стратегиялық бәсекелестік байланыс кезеңіне өткенін бұдан бұрын да айтқан едік. Осы аптада АҚШ пен Қытай арасында дипломатиялық қауіпсіздік диалогы жүрілді. Бұл екі ел арасындағы сауда-саттық келісімдеріне еш қатыссыз көрінгенімен, тараптардың әскери кемелерінің кездесіп қалуы, Оңтүстік Қытай теңізіндегі даудың өршуі, Тайуан (Тайвань) мәселесі қабаттасқан ауқымды стратегиялық бәсеке ойындары екені аңғарылады.
Осы апта Уашингтонда АҚШ-Қытай дипломатиялық қауіпсіздік диалогы өтуден бұрын Бейжің арнайы мәлімдеме арқылы Тайуан мәселесінің аса сезімтал екенін қайталай ескертіп өтті. Ал, Уашингтонға барған Қытай лауазымдысы да бұны айнытпай қайталады.
Қытай Коммунистік партиясы саяси бюросының мүшесі, Қытай Орталық комитетінің Сыртқы істер жөніндегі комитет директоры Яң Жиечы Ақ үйде АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Болтонмен кездесу өткізді. Кездесуде Яң Жиечы Құрама Штаттар «Бір Қытай принципі» мен екі ел арасында қол қойылған үш негізгі келісімді сақтайды деп үміттенетінін жеткізді. Ол және Тайуан мәселесін дұрыс жағынан ретке салу керектігін, Тайуан тақырыбының «Қытай-АҚШ арасындағы ең маңызды әрі сезімтал тақырып» екенін Ақ үй жағы толық сезінуі керектігін айтты.
Трамп үкіметі біраз уақыттан бері Тайуанға қолдау көрсету шараларын жасап келеді. Айталық, АҚШ жоғары лауазымды тұлғаларының Тайуанға сапарлай баруын жолға қою, Тайуанға жаңа әскери техникаларды сату туралы мәлімдеме, Тайуан бұғазына әскери кемелерін жүздіру және т.б. Ал осының бәрі Бейжіңнің күшті реакциясын тудырды. ҚХР билігі бірнеше рет АҚШ-Тайуан арасындағы жоғары деңгейдегі алмасуларға қарсылық танытып, Уашингтонды «Бір Қытай принципін» сақтауға қайта-қайта шақырды.
Дегенмен, АҚШ Мемлекеттік департаменті Тайуанға қатысты саясатының өзгертпейтінін аңғартты. Айталық, Иран мұнай экспортына бағытталған санкциядан да осыны аңғаруға болады. Тайуан АҚШ санкциясынан жеңілдікке ие болған 8 елдің бірі болып қалды. Әрі, Мемлекеттік департамент бұл істерін Құрама Штаттың «Тайуан қатынасы жөніндегі заңға» толықтай сәйкес екенін алға тартты.
Айта кетейік, Иран мұнай экспортына салған санкциясында Құрама Штат Үндістан, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Италия, Грекия және Тайуан қатарлы елдерге «рахымшылық» жасады. Осы аталған елдер соңғы алты айдан бері Ираннан мұнай сатып алуын айтарлықтай қысқартып келді. Соның ішінде екеуі Иран шикі мұнайынан толығымен бас тартты және санкция тоқтатылғанша Иран мұнайы туралы «жақ ашпайтын» болды. Осы мәліметтерді жеткізумен бірге, Помпео алдағы уақытта барлық елдердің Иран мұнайын импорттау көрсеткішін нөлге теңестіру үшін келіссөзде тоқтаусыз жүргізетінін де айтып өткен.
Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтындағы хабарламада, Яң Жиечы Болтонмен кездесу кезінде: «Стратегиялық өзара сенім – Қытай-Америка қатынасның ұзақ мерзімді дамуы үшін ең негізгі мәселе», – деп атап көрсеткені жазылған. Сонымен бірге, Яң Жиечы Болтонға Қытай АҚШ-пен селбесуге ұмтылатынын, қайшылықтарды қақтығысқа апармай шешім етуге, өзара құрмет пен түсіністік арқылы табысқа жетуге күш салатынын да айтып өткен.
Болтон да өз кезегінде президент Трамптың G20 саммиті қарсаңында Қытай басшысы Ши Жинпиңмен кездесуге көбірек назар аударып отырғанын, ал АҚШ-Қытай дипломатиялық қауіпсіздік диалогының өз ара сенімді нығайтуға септігін тигізетінін айтқан. Бұлармен қатар Құрама Штаттар да Қытаймен екіжақты қарым-қатынастарды және халықаралық аймақтық мәселелерді ортақ шешуге тырысатынын жеткізген.
Ал, бүгін АҚШ мемлекеттік хатшысы және қорғаныс министрі Яң Жиечы және Қытай қорғаныс министрімен кездесу өткізіп жатыр.
Қос тараптың күрделі әрі салмақты тақырыптарда диалогтарды жиілетуінің бір ортақ мақсаты – қарашаның соңындағы Трамп-Ши келіссөзінің кедергілерін жеңілдету. Екі ел басшысы осы кездесуде екі ел арасындағы қайшылықтарды ашық ортаға салады деп күтілуде. Уашингтон мен Бейжің арасындағы ең нәзік Тайуан тақырыбының да диалогтың басты тақырыбына айналуы да тегін емес. Бұл өз кезегінде АҚШ-Қытай қайшылығының шырқау шыңына жақындай түскенінен де дерек береді.