АҚШ президенті Дональд Трамп Конгреске өтетін аралық сайлаудың алдын ала қорытындысын өзінің Twitter парақшасында «керемет жетістік» деп бағалады.
Дональд Трамптың Республикалық партиясы Сенатта сағат сайын белсенділігін көрсетіп келеді. «The New York Times» хабарлағандай, республикалықтардың 100-ден кем дегенде 51 лауазымға ие болу мүмкіндігі бар. Fox News есептеуінше, олар жинаған дауыстар жоғарғы палатада 52 орынға жетуі мүмкін, ал демократтар әзірге 44 дауыспен екінші орында. Өз кезегінде демократтар сайлау нәтижесі бойынша Конгресстің төменгі палатасы – Өкілдер палатасында көш бастап тұр.
Қазіргі уақытта дауыстарды санау жалғасуда. Әзірше, Демократиялық партия 197 (50,5%), ал республикалықтар 182 (47,9%) дауыс жинады. Дональд Трамп өкілдер палатасындағы оппозициялық демократия фракциясын басқаратын Нэнси Пелосиді жеңісімен құттықтаған.
Сайлауда биліктің саяси маңызымен қатар, қызмет көрсету, ұйымдастырушылық жағына да көңіл бөлінеді. CNN мәліметтері бойынша, заңгерлер комитетіне жергілікті тұрғындардан 17,5 мыңнан астам шағым түскен. Олардың көпшілігі дауыс беруге арналған жәшіктерінің дұрыс орналаспағанына және сканерлер жұмысының баяулығына байланысты.
Еске сала кетейік, 6 қараша АҚШ-та аралық сайлау басталды. Сайлау нәтижесінде сенатор, губернаторлар және Конгрестің төменгі палатасы толығымен жаңартылады. Сарапшылардың айтуынша, бүгінгі сайлау АҚШ азаматтарының қазіргі президент, республикалық партия көшбасшысы Дональд Трампты қаншалықты қолдайтынын білдіреді. Сондай-ақ егер демократиялық партия жеңіске жететін болса, Трамп әкімшілігінің заңнамалық бастамаларын бұғаттай алады.
2016 жылғы сайлауда Конгрестің екі палатасында да республикалықтар басым дауысқа ие болған. Сол кезде сайланған президент Трамп сайлау алдындағы науқан кезінде «халықтың сенімі қашан да жоғары болады» – деген.