Ұлыбритания Орта-Шығыста белсенді әскери қадамдар жасай бастады. Осыдан бірнеше күн бұрын әуе күштерінің бас қолбасшысы Катарға ресми сапармен барып, Британ-Катар арасындағы қорғаныс ынтымақтастығын жандандырған еді. Ал, бір күн бұрын қорғаныс министрі Гавин Вильямсон мәлімдеме жасап, Оманда екі ел бірлескен әскери база құратынын жеткізді.
Ұлыбритания мен Оман арасындағы әскери ынтымақтастықтың жүз жылдан астам тарихының бар екенін айта келіп, Вильямсон кезекті жаңа әскери база 2019 жылы наурыз айында ашылатынын хабарлады. Ол бұл әскери база екі елдің қорғаныс ынтымақтастығын бекемдейді деп қарайды.
Мәлімдемеде, алдағы жылы Британия-Оман жоғары лауазымдылары жаңа әрі ауқымды қорғаныс ынтымақтастығының келісіміне қол қоятыны айтылған.
Соңғы жылдары ағылшын корольдігі Араб түбегі, Парсы шығанағындағы және Қызыл теңіздегі бәсеңдеп қалған белсенділігін қайта жандандыра түсті. Биыл жыл басында Бахрейнде тұрақты әскери базасын ашты. Жақында ғана Катармен қорғаныс ынтымақтастығын жаңа белеске көтерді. Бұдан тыс Ұлыбританияның Иракта, Кувейтте, Катарда, Ауғанстанда және Біріккен Араб Әмірлігінде әскери базалары бар. Енді Оманда қорғаныс ынтымақтастығын күшейтуде.
Бұл ағылшын билігінің осы аталған мұнайлы алапқа жаңа стратегиямен бет алғанын анық аңғартады.