Америка Құрама Штаттарында Конгреске аралық сайлау өтіп жатыр. Кезекті сайлау нәтижесінде Сенат жоғары палатасының үштен бір бөлігі және төменгі палатаның барлық құрамы өзгереді.
АҚШ президенті Дональд Трамп: «Егер сіздер елімізге мигранттар керуені ағылып, қылмыстардың артқанын қаласаңыздар демократтарға дауыс берсеңіздер болады. Демократтардың мақсаты – биылдан қалдырмай шекараны ашу. Олар жан-жақтан мигранттарды елге шақырып отыр. Заңсыз мигранттардың саны артып, арты тұрақсыздыққа әкеп соқты. Біз бұған жол бере алмаймыз. Демек, аралық сайлау осы мәселелерді шешеді. Егер шекарамыз берік, ұлттық қауіпсіздік мығым және қоғамдық тәртіптің сақталғанын қаласаңыздар республикалықтарды таңдаңыздар».
Осы сайлау арқылы америкалықтар төменгі палатаның құрамын түгелдей жаңартып, жаңа губернаторларды таңдайды. Дәл қазір Конгресте Трамп әкімшілігі – республикалықтар басымдыққа ие. Демократтар та өздерінің жеңіске жететіне сенімді. Ол үшін топ өкілдері Сенаттан 2 және өкілдер палатасынан 23 орынға ие болуы тиіс. Осы ретте АҚШ-тың экс-президенті Барак Обама: «Кей адамдар ірі, ауқымды жетістіктерді жай ғана өздігінен болатын құбылыс деп санайды. Ал басқалары әлемге әйгілі етуге тырысады. Біз бұрыннан адамдарды нәсілі мен тегіне қарап бағаламайтынбыз. Бірақ, нәсілшілдіктің орындалу-орындалмауына ешқандай кепілдік жоқ екеніне көз жеткіздік. Сол себепті қоғамдағы теңдік үшін үнемі күресу міндет. Бірнеше уақыт көлемінде еліміз көптеген ірі жетістіктерге жетті. Енді еліміздің не қалайтыны осы сайлауда белгілі болмақ. Халық осы жолы бұрынғыдан да айрықша белсенділік танытып келеді», – деді.
Жеңістен үміткер республикалықтар және демократтар арасындағы жарыс барысында Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамптың рейтингісі 44%-ға артқан. Алайда, CNN телеарнасы жүргізген алдын-ала сауалнама бойынша, демократтар үшін елдің 55%-дан астамы дауыс беруге құлшыныс білдірген. Ал SSRS компаниясының зерттеуі бойынша, Трамп партиясына халықтың тек 39%-ы сенім білдірген. «The New York Times» басылымында кей сарапшылар бұл саяси шараға «Дональд Трамп әкімшілігіне қатысты референдум» деп баға берген. Аралық сайлауда республикалықтар жеңіске жетсе, Трамп әкімшілігі кезекті мәрте ірі басымдыққа ие болады.
Айта кетейік, Америка үшін маңызы зор аралық сайлауға 5 миллиард долллар көлемінде қаржы жұмсалған. Сондай-ақ, аралық сайлауға дейін алдын-ала шаралар жүргізіліп, АҚШ құқық қорғау органдары сайлаушыларға Ресей, Иран және басқа да елдердің әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттарынан сақтану керектігін ескертті. Осыған орай Facebook әлеуметтік желісі 115-тен астам күдікті және фейк аккаунттарды бұғаттаған. Жойылған аккаунттардың басым бөлігі Ресей мен Иран қолданушыларына тән.
Қазірше республикалықтар 143 дауыспен көш бастап тұр. Толықтай аралық сайлау нәтижелері жақын арада белгілі болады.