Алматыда сыртқы және ішкі туризмді дамыту жоспары таныстырылды.
Қазан айының 25 күні Алматы қаласында Қазақстанның сыртқы және ішкі туризмін дамыту мемлекеттік бағдарламасы мен салалық заң жобасының жалпыхалықтық таныстырылымы өтті.
Аталған мемлекеттік бағдарлама сыртқы және ішкі туристік ағым ауқымын ұлғайтуды көздейді. Бағдарламада 6 бағытқа басымдық берілген:
1) Туристік инфрақұрылымды дамыту;
2) Визалық және көші-қон саясатын либералдандыру;
3) Туристік нысандар мен дестинациялардың көліктік қолжетімділігін арттыру;
4) Туристік брендті ілгерілету;
5) Мемлекеттік қолдау тиімділігін арттыру;
6) Қызмет көрсету мен кадрлық қамсыздандыруды жетілдіру.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Кожағапанов Ерлан, Мемлекеттік бағдарлама бойынша штаб үйлестірушісі Хасенов Еркебұлан, Халықаралық кеңесші Савин Илья, «KazakhTourism» ұлттық компаниясы басқарма басшысының орынбасары Садуақасов Қайрат, Заң жобасы жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, «Profi-T» тиімді басқару және бәсекеге қабілеттілікті дамыту халықаралық агенттігінің президенті Құрбанбаева Гүлнар қатысты.