Өзбекстан армиясы кімдерге тәуелді?
Билік басына Шавкат Миризиеевтың келуімен Өзбекстан ұзақ жылдар бойғы жабық есік саясатын жаңа бағытқа бұрды. Соңғы екі жылда ресми Ташкент алыс-жақын шетелдермен қарым-қатынасын одан ары жақсартты. Осы уақыт аралығында жүздеген жаңа келісімдерге қол қойылды. Соның ішінде әскери келісімдер де бар. Бүгін біз дәл осы салаға қысқаша тоқталуды жөн көрдік.
Өзбекстан армиясы әлемдік рейтинг бойынша, Орталық Азиядағы ең қуатты әскери күшке ие. Бірақ бұл әскери күш кімдерге тәуелді? Өзбек армиясы осындай дәрежеге өздігінен жетті ме? Әрине жоқ.
Соңғы екі жылда Өзбекстан армиясын Франция және АҚШ әскери мамандары арнайы дайындықтан өткізуде. Париж бен Уашингтоннан келген мамандар Өзбекстан мергендері мен ұшқыштарына арнайы шеберлік сабақтарын беруде.
Өзбек армиясының әскери дайындығымен франциялықтар мен америкалықтар айналысса, әскери техникаларды модернизациядан өткізудің бір бөлігін ресми Ташкент Беларусь еліне сеніп тапсырған. Өзбекстан 2017 жылы Беларуське төрт Миг-29 бомбалаушы ұшағы мен төрт Су-24 шабуылдаушы ұшағын жөндеуден өткізуге жіберген. Дәл осы жылы Өзбекстан Қорғаныс министрлігі Беларусьтің 558-ші әуе техникаларын жөндеу зауытымен меморандумға қол қойған. Сол уақытта Өзбекстан әскери техникаларын жөндеуден өткізу үшін Ресей мен Беларусь арасында талас жүрген. Себебі өзбек арсеналының басым көпшілігі тозығы жеткен Кеңестер одағынан қалған әскери техникалардан құралған. Бұл дегенің ресми Мәскеу мен Минск үшін таптырмас олжа, қыруар қаржы.
Өзбекстан әскери техникаларды жөндеуден өткізу мен жеке құрамды дайындаудан бөлек қару-жарақ жасауда да өзге елдермен бірлесіп жұмыс істеуге мәжбүр. Себебі әскери өнеркәсіп саласында кадр тапшы. Қазіргі таңда қару-жарақ шығаруда, әскери техникадардың заманауи үлгілерін құрастыруда Өзбекстан билігі Қазақстан, Ресей, Түркия сияқты елдермен байланыс орнатқан.