Кеңестер одағының алғашқы және соңғы президенті Михаил Горбачев АҚШ президентінің Ресеймен арадағы зымыран келісімінен шығуына байланысты мәлімдемесіне пікір білдірді.
Михаил Горбачев өзінің «The New York Times» басылымындағы колонкасына: «Саяси ниет болса кез келген мәселені шешуге болады. Бірақ соңғы екі жылда АҚШ президенті мүлде басқа мақсатты көздеп келеді. Ол Америка Құрама Штаттарына қойылған кез келген міндеттемелер мен шектеулерді алып тастамақ. Бұл ядролық зымырандарға қатысты дүние ғана емес. Трамптың зымыран келісімінен бас тартуы жаңа қару жарысының басталғанын білдіреді» - деп жазды.
Өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамп Ресеймен арадағы зымыран келісімінен шығатындығын мәлімдеген. Оның сөзінше, ресми Мәскеу осы уақытқа дейін өзіне жүктелген міндеттерді орындамай келген.
Трамптың мәлімдемесінен кейін Ресей басшысы Владимир Путин «Егер келісімнің барлығы жойылатын болса, онда қарулануға шектеу қоятын ештеңе қалмайды. Менің ойымша, дәл осы кезде қауіпті болады және қаруланудан басқа амал қалмайды» - деп мәлімдеген.