2016 жылғы сайлауда Дональд Трамп президент болып келгеннен бері, АҚШ-тың ішкі және сыртқы саясаттарында аз болмаған өзгерістер туылды. Әсіресе, сыртқа қаратқан стратегиялық саясаттары әлемнің беталысына да өз әсерін тигізді. Бұған дейін Ресейді өзінің стратегиялық басты қарсыласы ретінде санап келген Уашингтон, Қытайды да бұл қатарға қосты.
Анығында, Трамптың жаңа саясаттары АҚШ-Қытай қарым-қатынасын өзгертті. Қазіргі таңда, АҚШ пен Қытай арасында көптен қозданып жатқан ғасырлық даулар жалын боп қаулай түсуде. Оңтүстік Қытай теңізі, Тайуан (Тайвань) мәселесі, сауда соғысы және басқа мәселелерде қайшылық бұрынғыдан да тереңдеп кетті. Екі ел қатынасының дәл осылай дамуына қарай отырып, таяу он жылдықтар ішінде АҚШ-Қытай арасында соғыс болуы да мүмкін деген болжамдар айтылуда.
"АҚШ-Қытай арасында 15 жыл ішінде соғыс болуы мүмкін"
Әлем ақпарат кеңістігінің әр бұрышынан көрініп қалатын бұндай болжамды, жақында Варшавада өткен қауіпсіздік форумында АҚШ-тың бұрынғы жоғары әскери шендісі Бен Ходжес те қуаттады. Былтыр ғана жоғары әскери қызметтен зейнетке шыққан ол форумдағы сөзінде: «Менің ойымша, әрине бұл міндетті түрде болады деген сөз емес, десе де, 15 жыл ішінде АҚШ пен Қытай арасында соғыс болуы ықтимал», – деді.
АҚШ-тың Еуропадағы қолбасшылық штабының бұрынғы командирі болған Ходжес, АҚШ-қа еуропалық одақтастарының көбірек қолдауы қажет болатынын айтты. Оның айтуынша, Ресейден төнетін қауіптің алдын алу үшін Еуропадағы одақтастары көбірек қаржы бөлуі керек, себебі, АҚШ өзінің Тынық мұхиттағы мүддесін қорғауға көбірек қаржы босатуына тура келеді. Ол және АҚШ-тың Еуропадағы мәселелермен қатар Қытайдан төнетін қауіпке теңдей сабылуға мүмкіндігінің жоқ екендігін де, болған күнде де бұл өнімді болмайтынын да аңғартты.
Бен Ходжестің бұл айтқандарын сараптай отырып, біз алдағы АҚШ-тың стратегиялық басымдық беретін бағытын аңғара аламыз. Яғни, бұдан былай АҚШ-тың Тынық мұхиттағы басты қарсыласы Қытайға көбірек тосқауыл қоюға тырысатынын, ал, Еуропа қауіпсіздігін НАТО-ның өзге мүшелеріне қалдыратынын аңғартатындай.
Соғыс – ең соңғы қадам
Америкалық Кәсіпкерлік институтының сыртқы қорғаныс саясатының зерттеушісі Майкл Мазза VOA-ға берген сұхбатында Бен Ходжестің пікірін жақтамайды. Ол сөзінде: «Шиеленістің күшеюі мен ұзақ уақытқа созылатындығы анық болғандай. Бірақ бұл қарулы қақтығыстардың сөзсіз болатындығына немесе тіпті мұндай қақтығыстарға жол беретініне білдірмейді», – дейді.
Әрине, зейнетке шыққан әскери шенді Бен Ходжестің сөзі тұтас АҚШ-тың стратегиясын түсіндіріп бере алмайтыны анық болса да, оның пікірлері түбегейлі негізсіз емес. Оның айтқанындай – 15 жыл ішінде АҚШ-Қытай арасында соғыс болмаған күнде де, екі ел қазір стратегиялық бәсекелестік кезеңіне өтіп кетті. Әрі, бұл кезең бірнеше ондаған жылға дейін созылуы мүмкін.
Қазіргі әлем елдерінің саясатында соғыс ең соңғы орында тұратыны анық. Америка Құрама Штаттары мен Қытай Халық Республикасының биліктері әлемнің бірінші және екінші экономикасына жеткен ақылды саясатқа ие екенін ескерсек, қайшылықтарды қақтығысқа жібермеуге тырысатыны анық. Бұл тұста олардың қару қуаты жағынан да әлемнің бірінші және үшінші орын иелеп отырғанын ескеру керек. Кейбір америкалық сарапшылар, өз елдерінің қалай да туылуы мүмкін соңғы нәтижелерге де дайындығының болуын ескертеді.
Екі елді соғысқа итермелейтін не нәрсе?
Жоғарыда атап өткен Бен Ходжестің сөзі, әрине Қытай тарабынан жауапсыз қалмады. Кеше Қытайдың қорғаныс министрі Уей Фыңхы (Wei Fenghe) Бейжіңде Тайуан мәселесіне байланысты қатаң ескертуін жасады. Ол сөзінде Тайуан мәселесі Қытайдың батыл қадамдарының ең шегіндегі қызыл сызық екенін, бұл мәселеге қайта-қайта соға беру Қытайды барлық қарсы қадамдарды жасауға итермелейтінін айтты.
Тайуан мәселесі АҚШ қана емес, Қытаймен дипломатиялық байланыстағы көптеген елдер үшін де ең нәзік мәселе. Қазіргі таңда дербестікке ұмтылып жатқан Тайуан АҚШ-қа көбірек арқа сүйейді. Бұл өз кезегінде АҚШ-Қытай қарым-қатынасын да ушықтыра түседі. Шын мәнісінде, екі мемлекет арасындағы шиеленіс сол елдердегі биліктердің ауысуына байланысты түсіністікке ұласып, шешім табуы да ғажап емес. Ал, соғыс болып жатса оған біз атап өткен Тайуан, Оңтүстік Қытай теңізі мәселелері, Тынық мұхиттағы ырықты орынға деген бәсекелестік, Сауда соғысы – осының бәрін қамтыған әлем қожалығына деген бақталастық себеп болуы мүмкін.