Алматы қаласының әкімі АҚШ Бас консулымен кездесті
Алматы әкімі Бауыржан Байбек АҚШ-тың Бас консулы Эрик Майермен кездесті. Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Бас қосуда АҚШ Бас консулы Қазақстанның іскерлік, мәдени, білім және ғылым орталығы болып табылатын Алматының екіжақтық байланыс үшін үлкен маңызға ие екендігін атап өтті.
«Алматы – Америка консулдығы және Қазақстанда бизнес ашуға ынталы АҚШ компаниялары жүгінетін Америка сауда палатасы орналасқан Орта Азиядағы жалғыз қала. Мен мұнда 2004 және 2008 жылдары болған едім. Қала сондай тартымды, қайта айналып келе бергің келеді, осы жерде жұмыс істеуге мүмкіндік туғанына қуаныштымын. Мен Алматыда үлкен оң өзгерістердің болғанын көрдім, жаяу жүргіншілер үшін жақсы инфрақұрылым жасалыпты, қоғамдық кеңістік барынша ашыла түскен», - деді Эрик Майер.
Қазіргі таңда Алматыда телекоммуникация, қаржы, сауда және басқа салаларда америкалық капиталмен 168 компания жұмыс істеуде. Алматы мен АҚШ арасындағы тауар айналымы өткен жылы 400 миллион долларды құраған.