Журналист Жамал Хашогги Сауд Арабиясының Стамбулдағы бас елшілігінде өлтірілгеніне үш апта өткеннен кейін ғана мұрагер ханзада Мұхаммед бин Салман өзінің алғашқы пікірін жария етті. Ол сәрсенбі күні мәлімдемесінде «Хашогги өлімі шектен асқан қылмыс» деп бағалаған.

Мұхаммед бин Салман бұл пікірін Эр-Риядтағы инвестициялық форум кезінде ортаға салған. Ол сөзінде: «Бұл қастандық сауд арабиялықтар үшін өте ауыр. Тіпті әлемдегі кез-келген адам үшін де кешіруге келмейтін қылмыс», – деген. Әрі сөзінде қастандық жасаушылар сөзсіз жазаланатынына сенім білдірген.

Осыған дейін Сауд билігінің Хашогги өліміне байланысты бес жоғары лауазымдыны қызметтен босатып, 18 адамды қамауға алғаны мәлім болған еді. Ханзада Бин Салман Хашогги ісін тергеуге Сауд Арабиясы үкіметі Түркиямен селбестік орнататынын жеткізді.

Бұда бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Хашогги ісінің ақырғы жауапты Сауд Арабиясының тақ мұрагері беретінін айтқан еді. Ол АҚШ-тағы WSJ басылымына берген сұхбатында: «Қазір мұрагер ханзада барлық істі бақылауда ұстап отыр. Сондықтан бұл іске де сол жауапты болуы керек», – деген.

Президент Трамп сейсенбі күні журналистерге берген жауабында: «Сауд Арабиясы үкіметі Хашоггидің өлтірілу ісінде тарихтағы «ең жиіркенішті әрекетті жоспарлады». Олардың бастапқы бейнесі де, қадамдары да тым нашар болды. Бұл тарихтағы ең нашар бүркеніш әрекет. Олардың бүркеніші де, оны орындауы да өте төмен деңгейде болды. Әрине, ең жақсысы бұл істің болмағаны дұрыс еді», – деген.

Сәрсенбі күні, Құрама Штаттар мен Біріккен корольдік Хашогги ісіне қатысы бар деген адамдардың визасын алып тастады. Сондай-ақ, АҚШ және өзге де Батыс елдері Сауд Арабиясына қару-жарақ сатуды қысқартудан тартып, басқа да жазалау шаралары туралы ойластыра бастады.

Дегенмен, АҚШ президенті Хашогги ісіне байланысты өзінің маңызды одақтасынан бет бұрмайтынын да байқатты. Жалпы, Батыс елдері мен Сауд Арабиясындағы байланыстың қандай бағытқа қарай өрбитіні алдағы уақытта осы елдердің Сауд билігіне бағыттайтын санкция шараларына байланысты болмақ.

 “The Qazaq Times”