НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг: «Ресей зымыран келісімінің міндеттерін орындамай отыр» – деп мәлімдеді.

Қазан айының 24-і күні НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг АҚШ-тың Ресеймен арадағы зымыран келісімінен шығуына қатысты пікір білдірді. Ол онда: «Ресей зымыран келісіміндегі өзіне жүктелген міндеттерді орындамай отыр. Ал АҚШ керсінше, келісім негізінде жұмыс істеуде. Бірақ келісім орындалу үшін бұл жеткіліксіз. НАТО жаңа қарулану жарысы болғанын қаламайды. Альянс мүшелері алдағы уақытта АҚШ-тың келісімнен шығу шешімін талқылайтын болады» - деп мәлімдеді.

Өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамп Ресеймен арадағы зымыран келісімінен шығатындығы жөнінде мәлімдеген. Оның сөзінше, Ақ үй әкімшілігінің бұндай қадамға баруына Ресейдің келісімді орындамауы себеп болған.

АҚШ пен Ресей арасындағы зымыран келісіміне 1987 жылы қол қойылған. Келісім бойынша, қос тарапқа 500 және 5,5 мың шақырым қашықтыққа ұшатын баллистикалық зымырандарды жасауға тыйым салынған.

Мәскеу де, Уашингтон да осы уақытқа дейін бір-бірін зымыран келісімін бұзды деп бірнеше рет айыптаған.

"The Qazaq Times"