Қазан айының 23-і күні Ташкент қаласына ресми іссапармен АҚШ сауда министрі Уилбур Росс барды. Ол онда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевпен кездесті. Кездесу барысында қос тарап АҚШ пен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық байланыс жөнінде келіссөздер жүргізді.
Келіссөздерден кейін АҚШ-Өзбекстан сауда палатасының төрайымы Кэролин Лэмм Америка-Өзбекстан бизнес форумында мәлімдеме жасады. Ол онда: «Кеше біз Ресейдің Өзбекстанмен өте үлкен келісімге келгендігін естідік. Біз сауда-инвестициялық байланысымыздың деңгейін арттыру үшін ресми Ташкентпен одан да үлкен келісім жасауды ұйғардық. АҚШ-тың Өзбекстанмен жасаған меморандумы келісімнің басы ғана. Қазірдің өзінде АҚШ компаниялары Өзбекстан жобаларына 9 миллиард доллар қаржы құюға дайын» - деп мәлімдеді.
Бұған дейін Ташкентке ұзақ жылдық үзілістен кейін ресми іссапармен Ресей президенті Владимир Путин барған. Оны Шавкат Мирзиеев әуежайдан күтіп алып, «үлдемен-бүлдеге» орамаса да, үлкен құрметпен қарсы алған. Ташкент бас қосуында Владимир Путин мен Шавкат Мирзиеев 12 мемлекет аралық келісімге қол қойған. Оның ішінде 27,1 млрд доллар аймақ аралық, 1,76 миллиард доллар сауда-саттық, 25,3 миллиард доллар инвестициялық келісім құжаттары бар.
Бұдан бөлек қос тарап Өзбекстан аумағында Орталық Азиядағы алғашқы атом электр станциясының құрылысын бастау жөнінде уағдаласқан. Келісім бойынша, АЭС құрылысы Ресейдің «Росатом» компаниясының қатысуымен жүзеге асырылады деп күтілуде.
Дәл қазіргі жағдайда Өзбекстанмен жасалған келісім жағынан АҚШ пен Ресейді салыстыруға келмейді. Бірақ АҚШ-тың Өзбекстанда жұмыс істеп жатқан компаниялары мен инвестициясын айтатын болсақ, ресми Уашингтонның Ташкентті назардан шығармағанын аңғаруға болады. АҚШ 1998-2017 жылдар аралығында Өзбекстанға 1 триллион доллар қаржы құйған. 2018 жылдың тоғыз айындағы көрсеткіш бойынша, екі ел арасындағы тауар айналымы 2 есеге өсіп, 332 миллион долларды құраған. Қазіргі уақытта Өзбекстан аумағында АҚШ компанияларының қатысуымен 210 кәсіпорын жұмыс істеуде. Бір сөзбен айтқанда АҚШ пен Ресейдің Өзбекстан үшін күресі билік басына Шавкат Мирзиеевтың келуімен жаңа деңгейге шықты.
Жалпы, Ташкент тізгінін Шавкат Мирзиеев өз қолына алғалы бері Өзбекстан АҚШ-пен де Ресеймен де қарым-қатынасын қайта жаңғыртқан. Мирзиеев президент болып сайлана салған бетте алғашқы іссапарын Мәскеуден бастаса да, Уашингтонмен арадағы байланысын үзбеген. Бұл байланыс оның мамыр айында Уашингтонға жасаған сапарынан кейін тіпті нығая түскен. Әзірге ресми Ташкент алпауыттар алпарысында тепе-теңдікті ұстап тұр. Болашақта таразының басы қай жаққа ауатыны белгісіз.