Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй Еуропа Одағымен (ЕО) Brexit шешіміне қатысты ортақ әрекет ететінін айтты.
Financial Times-тің хабарлауынша, әзірше Лондон мен Брюссель екеуара келісімге келген жоқ. Мемлекетте екіұдайы пікір қалыптасса да, премьер-министр келіссөздің сәтті болатына және «қатаң Brexit» жоспарынсыз-ақ одақтан шығатынына сенімді.
Осыған дейін Мэйге қарсылық білдіруші топ премьерге сенімсіздік білдіретін жолдауды дайындап қойған болатын. ВВС телеарнасы сараптамалық хабарлардың бірінде Тереза Мэйдің Еуроодақтан шығу жайлы шешімінің мүлде сын көтермейтінін айтып, оның елу шақты әріптесі бірлесіп министрлер кабинетінің жетекшісін биліктен кетіру үшін «саяси сценарий» құрастырғанын мәлімдеген. Олардың ойынша, Мэйдің «мағынасыз мәлімдемесі мемлекетті құлдыратады».
Еске сала кетейік, Ұлыбритания ЕО-дан 2019 жылдың наурызында шығады деп жоспарланған. Лейбористер мен басқа да оппозициялық күштер бұл шешімге түбегейлі қарсылық білдірді. Соған қарамастан, Британия үкіметі биыл шілдеде одақ құрамынан шығу туралы келісім жобасын ұсынды. Келісімге сәйкес, Ұлыбритания Еуропаның ортақ нарығында ауылшаруашылығы тауарларын шектеусіз саудалай алады және экономикалық жағдайда еуропалық стандарттарды сақтау мүмкіндігіне ие болады. Егер Мэйдің жоспары жүзеге асса, Біріккен Корольдік алдағы он жыл ішінде Еуроодаққа 40 миллиардқа жуық еуро төлейді.